Тараз қаласында еңбек адамына деген құрмет пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама қолға алынды. «Таза қала, таза болашақ!» атты байқау жұмысшы мамандарды қолдау мақсатында, сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Байқаудың негізгі мақсаты – шаһар тазалығы мен тәртібін күнделікті қамтамасыз етіп жүрген коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегін кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, Тараз қаласы мен оған қарасты шет аймақтардағы санитарлық жағдайды жан-жақты көрсету көзделген.
Байқау шеңберінде коммуналдық қызметтің негізгі бағыттары қамтылады. Олардың қатарында қоқысты жинау және шығару, көшелерді, жолдарды, алаңдар мен тротуарларды қолмен және механикалық тәсілмен тазалау, су басқан аумақтардан суды шығару, арық-атыздар мен су айдындары жағалауларының тазалығын сақтау секілді жұмыстар бар.
Шығармашылық байқауға өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері қатыса алады. Байқау төрт номинация бойынша өтеді: «Үздік телевизиялық материал», «Әлеуметтік желілердегі үздік бейнеролик», «Баспа басылымындағы үздік мақала» және «Интернет басылымындағы үздік жарияланым».
Қатысу үшін 2026 жылғы 1 сәуір мен 19 маусым аралығында жарияланған материалдар қабылданады. Ұсынылатын жұмыстар саны шектелмейді. Жұмыстарды қабылдау мерзімі 2026 жылғы 19 маусым, сағат 18:00-ге дейін.
Байқауға келіп түскен жұмыстарды тәуелсіз комиссия бағалайды. Оның құрамына коммуналдық сала мамандары мен тәжірибелі журналистер кіреді. Қазылар алқасы материалдарды тақырыптың өзектілігі, мазмұнның ашылу деңгейі, ақпараттың шынайылығы, баяндау стилі және авторлық бірегейлігіне қарай саралайды.
Материалдарды taraz.media20@gmail.com электронды поштасына жолдауға болады. Қосымша ақпаратты +7 700 361 68 71 нөмірі арқылы алуға болады.
Байқау қорытындысы 2026 жылғы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында жарияланады. Жалпы жүлде қоры – 2 миллион теңге.
Бұл байқау – тазалық тақырыбы арқылы еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды бастамалардың бірі.