Таразда «ТАЗА QAZAQSTAN» экологиялық акциясы шеңберінде ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. «AMANAT» партиясы мен Еуразиялық банк өңірлік филиалының өкілдері бірлесіп, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің аумағында жаңа аллеяға ағаш көшеттерін отырғызды, деп хабарлайды baq-orda.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Жаңа аллеяға мың түп туя, қарағай, сирень, айва, ақ үйеңкі, сондай-ақ алма мен тұт секілді жеміс ағаштары және түрлі сәндік талдар егілді. Бұл көшеттер оқу орнының аумағын көркейтіп қана қоймай, қала экологиясын жақсартуға да өз үлесін қоспақ.
Іс-шараға қатысушылар білім беру және әлеуметтік нысандарды көгалдандыру – қоршаған ортаны қорғаудың маңызды қадамы екенін атап өтті. Олар «Таза Қазақстан» бастамасының елдің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және табиғатқа деген жауапкершілікті арттыруға ықпал ететінін жеткізді.
Өңірде «ТАЗА БЕЙСЕНБІ» акциясы да тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Жыл басынан бері сенбіліктер барысында 13 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 2000-нан аса көшет отырғызылған.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Әбутәліп Мүтәлі табиғатты қорғау әр азаматтың өзінен басталатынын айтты.
– Елімізді көркейту – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Табиғатты аялап, ағаш егіп қана қоймай, оны күтіп-баптау да аса маңызды. «Таза Қазақстан» бастамасына барша жұрт белсенді қатысып, туған жеріміздің табиғатын сақтауға атсалысуы керек. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз, – деді депутат.