Тараз қаласындағы Жамбыл медициналық жоғары колледжінде жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, синтетикалық есірткілердің зияны және салауатты өмір салтын насихаттауға арналған профилактикалық семинар өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
«Болашақ медицина қызметкерлері есірткіге қарсы» тақырыбындағы семинар Тараз қаласындағы Жамбыл медициналық жоғары колледжінде ұйымдастырылды. Іс-шараға Тараз қаласы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығының өкілдері, «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығының мамандары, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Кездесу барысында жастарға есірткі заттарын қолданудың зияны, синтетикалық есірткілердің таралу қаупі және олардың адам ағзасына тигізетін кері әсері жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Сондай-ақ қатысушыларға салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған арнайы бейнероликтер көрсетілді.
Мамандар нашақорлықтың алдын алуда жастардың рөлі ерекше екенін атап өтіп, есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдарын түсіндірді. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттырып, зиянды әдеттердің алдын алуға және қоғамда есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.