Тараз қаласында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қала аумағында жасыл аймақтарды көбейту, қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру мақсатында бірқатар ірі жобалар іске асырылып жатыр, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Қаланы көгалдандырудағы негізгі бастамалардың бірі – «Жасыл белдеу» бағдарламасы. Бағдарлама аясында биыл «Қызылабад» тұрғын алқабына 10 мың түп ағаш отырғызылды. Күзгі маусымда тағы 10 мың көшет егу жоспарланған. Сонымен қатар орталық көшелерде, саябақтарда, аллеялар мен скверлерде 8 мың түп ағаш отырғызылып, қаланың жасыл қорын ұлғайту жұмыстары жалғасады.
Жасыл желектерді күтіп-баптаудың маңызды тетігі – суару жүйесін жаңарту. Осы мақсатта көп жылдан бері тозығы жеткен арық желілерін кезең-кезеңімен қайта жаңғырту қолға алынған. Биыл Сүлейменов көшесінде, сондай-ақ «Аса» және «Жансая» шағын аудандарында арық жүйелері толық ауыстырылып, бұл жұмыстар көгалдандырудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қала тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған жаңа демалыс аймақтары да бой көтермек. Алдағы уақытта «Үшбұлақ» және «Қарасу-2» каналдарының жағалауы абаттандырылып, заманауи саябақтар салу жоспарланған. Жоба аясында воркаут және спорт алаңдары, жаяу серуендеу жолдары, балалар мен зейнеткерлерге арналған демалыс орындары салынып, тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастырылады.
Сонымен бірге «Мамыр» саябағын экосаябақ ретінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жоба аяқталған соң мұнда экологиялық туризм бағыттары дамып, табиғатты қорғау мәдениетін насихаттайтын жаңа демалыс орны ашылады. Бұл нысан қала тұрғындарымен қатар, өңірге келетін туристер үшін де тартымды орындардың біріне айналмақ.
Жасыл аймақтарды сапалы күтіп-баптау үшін «Жасыл Ел – Тараз» мекемесінің материалдық-техникалық базасы күшейтілуде. Осы мақсатта лизинг арқылы 5 миллиард теңгеге 80 арнайы техника сатып алу жоспарланған.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалғасуда. Жыл басынан бері өткен жалпықалалық сенбіліктерге 50 мыңға жуық тұрғын қатысып, қала аумағынан 3 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Бұл бастама қала тазалығын сақтаумен қатар, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етуде.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау жүйесін жетілдіру бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Биыл қаладағы 150 қоқыс алаңшасын жаңарту жоспарланған. Қазіргі таңда оның 80-і толық жаңартылып, санитарлық талаптарға сай жабдықталды. Бұл жұмыстар тұрмыстық қалдықтарды тиімді жинауға және шаһардың санитарлық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беруде.
Таразда қолға алынған көгалдандыру, абаттандыру және экологиялық жобалар қаланың келбетін жаңартып қана қоймай, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Ал «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жүйелі жұмыстар өңірде экологиялық мәдениетті нығайтып, қаланың тұрақты дамуына өз үлесін қосуды жалғастыруда.