Контентке өту

Тоқаев: Қазақстан шетел инвестициясын тарту бойынша өңірде көш бастап тұр

Тоқаев: Қазақстан шетел инвестициясын тарту бойынша өңірде көш бастап тұр
ашық дерек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып, Қазақстанның шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша өңірдегі көшбасшы ел екенін мәлімдеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Президенттің айтуынша, инвесторлар үшін қолайлы құқықтық орта қалыптастыруда Астана халықаралық қаржы орталығы маңызды рөл атқарып отыр.

– Астана халықаралық қаржы орталығында Сот пен Арбитраж орталығы ағылшын құқығы қағидаттарына сай жұмыс істейді. Бұл инвесторлардың құқықтарын қорғауға және халықаралық стандарттарға сәйкес әділ шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және олардың алдында туындайтын кедергілерді жедел шешу үшін Үкімет жанынан Инвестициялық штаб құрылғанын атап өтті.

Президенттің сөзінше, аталған штаб соңғы уақытта инвестициялық жобаларға қатысты түйткілді мәселелерді жедел шешу арқылы өзінің тиімділігін дәлелдеген.

Сонымен қатар инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында Президент Жарлығымен Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылған.

– Біз іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға барынша мүдделі мемлекет ретінде осы саладағы жұмысты ерекше назарда ұстаймыз. Қазір Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша біздің аймақта көш бастап тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы инвестиция тарту экономиканы әртараптандырудың, жаңа өндірістер ашудың және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өтті.

Президенттің пікірінше, инвесторлар үшін ашық әрі сенімді құқықтық орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты