Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Президент өзінің Instagram парақшасында жариялаған құттықтауында жас ұрпақтың құқығын қорғау, денсаулығын сақтау және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
- Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Жас ұрпақтың құқығын қорғау, денсаулығын сақтау және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау - жалпыұлттық мақсат және конституциялық міндет, - деп жазды Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бақытты балалық шақтың негізі - ауызбіршілігі жарасқан, тату отбасы. Осыған байланысты отбасы құндылықтарын қорғау жаңа Конституциядағы маңызды нормалардың бірі ретінде бекітілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде қазақстандық балалардың білім, спорт және өнер салаларында жоғары жетістіктерге жетіп жүргенін атап өтті.
Сондай-ақ Президент өзінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ұлттық қор - балаларға» жобасына тоқталып, мемлекет тарапынан әрбір балаға қамқорлық жасалып жатқанын жеткізді.
Мемлекет басшысы биыл елімізде «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы іске асырыла бастағанын еске салып, жас буынды қолдау Әділетті және Озық Қазақстанды құру жолындағы негізгі басымдықтардың бірі болып қала беретінін айтты.
- Жас буынды қолдау әрдайым еліміздің, яғни Әділетті және Озық Қазақстанның басты назарында болады, - деді Президент.