Контентке өту

Тоқаев референдумнан кейін журналистерге брифинг өткізді

Тоқаев референдумнан кейін журналистерге брифинг өткізді
ашық дерек

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасына қатысты республикалық референдумда дауыс бергеннен кейін журналистерге арналған брифинг өткізді, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Мемлекет басшысына конституциялық реформаның дайындалу мерзімі туралы сұрақ қойды. «Время» газетінің тілшісі Тоғжан Ғани әлемдік тәжірибеде конституциялық реформалар ұзақ уақытқа созылатынын айтып, Қазақстанда жаңа Конституцияны әзірлеу мен талқылауға аз уақыт жұмсалғанын, бұл жағдайға халықаралық байқаушылар назар аударып, сын айтқанын атап өтті.

Президент өз жауабында жаңа Конституция жобасын әзірлеу жұмыстары бір күнде басталмағанын айтты. Оның сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар бірнеше жыл бұрын қолға алынған.

Мемлекет басшысы 2022 жылы Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізілгенін еске салып, сол кезде жаңа Конституция қабылдауға мүмкіндік болғанын, алайда мұндай шешім қабылданбағанын айтты. Соған қарамастан кейінірек жаңа Конституция қабылдау туралы идея пайда болып, шамамен екі жыл бұрын осы бағыттағы жұмыстар басталған.

Президенттің айтуынша, Қазақстан ең алдымен зайырлы мемлекет ретінде дамуы тиіс. Оның пікірінше, жаңа Конституция елдің одан әрі дамуына жол ашып, мемлекет дамуын жаңа деңгейге көтереді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның әлемдік прогрестен қалмай, дамыған елдердің қатарында болуы маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, егер ел озық мемлекетке айналса, халықаралық қауымдастық тарапынан құрмет те арта түседі.

Президент сөз соңында елдің болашағы қазақстандықтардың өз қолында екенін айтып, алға қойған басты мақсат – мемлекет дамуы үшін табанды еңбек ету екенін жеткізді.

Admin