Жаңа оқу жылына дайындық барысында Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті білім беру ұйымдарының санитариялық талаптарға сәйкестігін бағалауға бағытталған ауқымды мониторинг жүргізді.
2026 жылдың маусым айында облыстың аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары 532 білім беру объектісін қамтыды. Оның ішінде 505 жалпы білім беретін мектеп, 14 мектеп-интернат және 13 мектептің ас блогы бар.
Мониторинг барысында білім беру нысандарындағы бірқатар санитариялық талаптардың сақталуына ерекше назар аударылды. Нәтижесінде 524 объектіде түрлі сипаттағы бұзушылықтар анықталды.
Анықталған кемшіліктердің басым бөлігі ғимараттарды жөндеу, инженерлік желілердің жағдайы және нысан аумағының қауіпсіздігіне қатысты болды.
Атап айтқанда, 419 объектіде жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі анықталды. 214 білім беру нысанында инженерлік желілерді ретке келтіру қажет болған. Бұдан бөлек 21 объектіде жол төсемін, 13 объектіде қоршауларды жөндеу мәселесі тіркелді.
Мониторинг нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою бойынша 520 ұйғарым берілді. Төрт объектіге қатысты жедел ден қою шаралары қолданылды.
Бақылау шараларының нәтижесінде жұмыс та жүргізілді. 514 ұйғарым бойынша білім беру нысандары анықталған бұзушылықтардың жойылғанын растайтын ақпараттарды, тиісті құжаттар мен фотоматериалдарды ұсынды.
Сонымен қатар алты мектеп бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде бұрын анықталған ескертулердің толық жойылғаны анықталды.
Жекелеген білім беру ұйымдарындағы мәселелерді шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға да ұсыныстар жолданды. Мәселен, Мойынқұм ауданындағы екі және Тараз қаласындағы алты мектепке қатысты қажетті жұмыстарға қаржы бөлу туралы сегіз жеке ұсыным енгізілді.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау тек анықталған кемшіліктерді тіркеумен шектелмейді. Департамент тарапынан білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды түсіндіру және алдын алу жұмыстарына да басымдық берілуде.
Өңірлік санитариялық қызметтің негізгі міндеті – кемшіліктерді анықтап қана қоймай, олардың уақытылы жойылуын қамтамасыз ету. Бұл өз кезегінде балалардың білім алатын ортасының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарының дайындығын бақылау жұмыстары осы бағыттағы жүйелі шаралардың жалғасы болып отыр.