Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, өңдеу және дайын өнім өндіру бағытында жаңа өндірістік жобалар қолға алынуда. Соның бірі – «TRZ AGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан үш ірі жоба.
Атап айтқанда, құны 1,8 млрд теңгені құрайтын көкөніс сақтау қоймасы іске қосылған. Нысанның сыйымдылығы – 12 мың тонна. Жобаға мемлекет тарапынан 995 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Заманауи технологиялармен жабдықталған қойма ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар серіктестік етті терең өңдеу кешенінің құрылысын жүргізуде. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталған. Кешенде ет өнімдері, шұжық және консервілер өндіріліп, шикізатты қалдықсыз өңдеу технологиясы қолданылады.
Ал жылыжай кешенінің бірінші кезеңінің құрылысын биыл бастау жоспарланып отыр.
Аталған үш жобаны толық іске асыру нәтижесінде 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісінің әлеуетін арттырып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облысында жалпы сыйымдылығы 374 мың тоннаға жуық 123 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істейді. Ал 2028 жылға қарай сақтау қуаттылығын 560 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің ысырабын азайтып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.