Жамбыл облысында білім беру инфрақұрылымын дамыту және оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
2025 жылы өңірде 14 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде 10 жаңа мектеп және 4 мектепке жапсарлас құрылыс нысаны бар.
Аталған жұмыстардың нәтижесінде апатты мектептер, үш ауысымды оқыту, оқушы орындарының тапшылығы және тозығы жеткен білім беру нысандары мәселелерін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік туды.
Бүгінде облыста үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді. Бұл білім беру ұйымдарындағы оқу процесін ұйымдастыруға және оқушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды нәтижелердің бірі.
2026 жылға 14 білім беру нысанының құрылысына қаржы қарастырылған. Оның ішінде 5 мектеп және 9 мектепке жапсарлас құрылыс нысаны бар.
Құрылыс жоспарына сәйкес, 2026 жылы 12 нысанды – 3 мектеп пен 9 жапсарлас құрылысты аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Ал 2027 жылы тағы 2 мектептің құрылысы аяқталады.
Жобалар толық іске асқан жағдайда 2 апатты мектептің, оқушы орны тапшылығы бар 2 мектептің және тозығы жеткен 4 мектептің мәселесі шешімін табады. Сонымен қатар спорт залы мен асханасы жоқ 6 мектеп қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі таңда 1 мектеп және 2 мектепке жапсарлас құрылыс пайдалануға берілді. Нәтижесінде 1 тозығы жеткен мектептің және 1 апатты мектептің мәселесі шешіліп, тағы 1 мектеп спорт залымен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар тағы 1 мектеп пен 2 жапсарлас құрылысты аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 6 білім беру нысанының құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі.
Мектептердің жағдайын жақсарту мақсатында күрделі жөндеу жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде.
2026 жылы 7 білім беру нысанында күрделі жөндеу жүргізуге 4,3 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығындағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды.
Қазіргі таңда 6 мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде. Жұмыстарды 1 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.
Білім беру нысандарын жаңарту – оқушылардың сапалы білім алуына қажетті жағдай қалыптастырудың маңызды бөлігі. Инфрақұрылымды дамыту арқылы өңір мектептеріндегі оқу ортасын заманауи талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жалғаса береді.