Жамбыл облысында жаңа оқу жылына дайындық барысында балалардың әлеуметтік жағдайына қарамастан білім алуы үшін қажетті жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде.
2026 жылы «Жалпыға бірдей білім беру» қоры есебінен көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына қолдау көрсетуге 5,9 млрд теңге бөлінді.
Бұл қаражат ыстық тамақпен қамтамасыз етуге, киім-кешек сатып алуға және балаларды жазғы сауықтыру шараларымен қамтуға бағытталған.
Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен жекелеген санаттағы отбасылардан шыққан 38 343 оқушыны киім-кешек және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етуге 2,5 млрд теңге бөлінді.
Балаларды оқу жылына дайындауда «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясының да маңызы зор.
Биыл акция 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін өтуде. Оның аясында облыс бойынша демеушілер есебінен 4 500 балаға қаржылай көмек көрсету, мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға қолдау көрсету жоспарлануда.
Бұл шаралардың негізгі мақсаты – отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан әрбір баланың мектепке толық дайын болып баруына мүмкіндік жасау.
Балалардың қауіпсіздігі де білім беру жүйесіндегі басты бағыттардың бірі болып отыр. Бүгінде білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйелерімен, турникеттермен, дабыл түймелерімен және кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілген.
Жаңа оқу жылы қарсаңында қауіпсіздік жүйелерінің жұмыс істеу жағдайы қайта пысықталып, тиісті талаптардың сақталуына бақылау жүргізілуде.
Сонымен қатар «Әлеуметтік әмиян» жобасы білім беру қызметтерін цифрландырудың жаңа кезеңін қалыптастыруда.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да жүйелі қолдау көрсетілуде. Биылғы оқу жылында мұндай балалардың саны 10 мыңнан асты.
Инклюзивті білім беру бағытында мектептерде, балабақшаларда және колледждерде тиісті жағдай жасау көрсеткіші артты. Арнайы мектеп-интернаттарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылды.
Жамбыл және Сарысу аудандарында ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау кабинеттері ашылды. Тараз қаласында көру қабілеті нашар балаларға арналған арнайы топ іске қосылды.
Сонымен қатар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар ашу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.
Осы жұмыстардың барлығы балалардың сапалы білім алуына, қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне және әлеуметтік жағдайына қарамастан қажетті қолдауға ие болуына бағытталған.