Жамбыл облысының прокуроры Жандос Әбдібаевтың төрағалығымен прокуратура органдарының ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметінің қорытындылары бойынша алқа отырысы өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz Жамбыл облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Алқа отырысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтары мен мемлекеттің мүдделерін қорғау, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, «Заң және тәртіп» қағидатын және «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруды қоса алғанда, қадағалау қызметінің барлық бағыттары бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері қаралды.
Бірінші жартыжылдықтағы негізгі нәтижелердің бірі – қылмыс деңгейінің төмендеуі болды. Тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 16%-ға (1997-ден 1680-ге дейін) азайды. Жамбыл облысы халықтың әрбір 10 мың тұрғынына шаққанда 33 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, қылмыс деңгейі ең төмен үш өңірдің қатарына енді.
Оң көрсеткіштер прокуратураның үйлестірушілік рөлінің және кешенді профилактикалық шаралардың нәтижесінде қол жеткізілді. Криминогендік жағдайы күрделі 46 учаскеде патрульдеу күшейтіліп, 25 қараусыз қалған нысанға кіру шектелді, учаскелік полиция инспекторларының жұмысы қайта қаралды. Сондай-ақ 45 ауылда алкоголь өнімдерін сатудан ерікті түрде бас тартылды. Рейдтік іс-шаралар барысында 3800-ден астам суық қару тәркіленді. Нәтижесінде қоғамдық орындарда, алкогольдік масаң күйде, тұрмыстық салада жасалған және бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдар жасаған қылмыстардың саны азайды.
Алқа отырысында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде балаларға қатысты жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 24%-ға төмендеді. Сонымен қатар 53 жетім баланың тұрғын үймен қамтамасыз етілу құқығы, 10,5 мыңнан астам баланың мемлекет кепілдік берген сапалы білім алу құқығы және 57 кәмелетке толмағанның санаторийлік-курорттық емделу құқығы қалпына келтірілді.
Мемлекеттің мүдделерін қорғау бағытында 4,3 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражатының тиімсіз әрі заңсыз жұмсалуына жол берілмеді. Бюджетке 3,4 млрд теңге өндіріліп, мемлекетке құны 10,7 млрд теңгені құрайтын мүлік қайтарылды. Міндетті төлемдерді төлеуден жалтару схемаларының жолы кесіліп, нәтижесінде бюджетке қосымша 2 млрд теңгеден астам қаражат түсті. Мемлекеттік қаражатты жымқыру фактілері бойынша 200 млн теңгеден астам сомаға дейінгі қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тіркелді.
Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу аясында 21 проблемалық мәселе шешіліп, оның ішінде шетелдік инвесторларды қоса алғанда, 23 инвестордың құқықтары қорғалды. Өңірде жалпы құны 5,6 трлн теңгеден асатын 144 инвестициялық жоба іске асырылуда. Прокуратураның қолдауымен 6 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, 390 жаңа жұмыс орны құрылды. Қажетті инфрақұрылымды салуға қосымша 3,6 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар прокуратураның бастамасымен инвесторлармен кәсіпорындарда тікелей кездесулер өткізуді көздейтін «INVEST CARAVAN – 2026» жобасы іске асырылуда.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында өткізілген экологиялық іс-шараларға 35 мыңнан астам тұрғын мен 1400 ұйым қатысты. Ғарыштық мониторинг деректері бойынша 118 рұқсатсыз қоқыс орны анықталып, оның 70-і жойылды. «Таза Қазақстан» Telegram-боты арқылы 401 өтініш қаралып, абаттандыру қағидаларын бұзу және қоғамдық орындарды ластағаны үшін 11 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алқа қорытындысы бойынша облыс прокуроры азаматтардың конституциялық құқықтарын барлық салада тиімді қорғауды қамтамасыз ету, қоғамдық-саяси тұрақтылықты, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, мемлекеттің мүдделерін қорғау, инвестициялық жобаларды одан әрі сүйемелдеу және бизнесті қорғау, сондай-ақ азаматтардың өтініштерін қарау сапасын арттыру жөнінде нақты міндеттер қойды.