Жамбыл облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау және студенттердің цифрлық құзыреттерін дамыту бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілуде.
Бүгінде облыстағы 42 колледжде 28 мыңнан астам студент білім алуда. Техникалық және кәсіптік білім беру саласын трансформациялауға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, өңірдегі колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда 6 салалық HUB кешені ашылды. Колледждер мен кәсіпорындар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалып, оның нәтижесінде мыңдаған түлек жұмыспен қамтылды.
Жұмыс берушілердің қатысуымен білім беру бағдарламалары жаңартылып, колледждердегі оқу процесін өндірістің нақты талаптарына жақындатуға басымдық берілуде.
Сонымен қатар жеке кәсіпкердің қолдауымен Тараз қаласында студенттерге арналған жатақхана пайдалануға берілді.
Педагогтердің халықаралық тәжірибе алмасуына да ерекше көңіл бөлінуде. Оқытушылар үшін Қытай, Корея және Жапония мемлекеттерінде тағылымдамалар ұйымдастырылды.
Жамбыл политехникалық жоғары колледжі базасында заманауи технологиялар мен инновацияларды дамытуға бағытталған жаңа білім беру алаңдары ашылды.
Олардың қатарында студенттердің цифрлық және зерттеушілік дағдыларын дамытуға арналған «AI Innovation Academy» лабораториясы бар. Сонымен бірге жасанды интеллект пен бағдарламалау саласына мамандар даярлауға бағытталған «Tomorrow School» жобасы іске қосылды.
Колледжде химия және ауыл шаруашылығы бағытындағы білім беру-өндірістік кластер де ашылды. Бұл білім алушыларға теориялық білімді өндірістік тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Жұмыс берушілер есебінен 134 млн 773 мың теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынды. Оның ішінде «KNAUF» ЖШС, «Алина» ЖШС, «Мерагро» ЖШС, «НДФЗ» ЖШС және «Фосфор зауыты» тарапынан қолдау көрсетілді.
Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Құлан агротехникалық жоғары колледжінде құзыреттілік орталықтары ашылды.
Кадрлық әлеуетті нығайтуға да ерекше назар аударылуда. Өткен оқу жылында GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары болған 105 жас маман конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылданды.
Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алып жатқан және GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары болатын 100-ден астам түлекті білім беру ұйымдарына қабылдау жоспарлануда.
Бұл бастамалар білім беру жүйесін заманауи технологиялармен байланыстырып қана қоймай, өңірге қажетті білікті кадрларды даярлауға және жастардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Алдағы кезеңде жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және өндірістік оқыту бағыттарын дамыту арқылы Жамбыл облысының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін одан әрі жаңғырту жұмыстары жалғасады.