Контентке өту

Жыл соңына дейін Таразда жалпы құны 56 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба іске асырылады

Жыл соңына дейін Таразда жалпы құны 56 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба іске асырылады

Экономиканың тұрақты дамуы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Осы бағытта Тараз қаласында инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығы, сауда және туризм салаларын өркендету бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда. Нәтижесінде қала экономикасының негізгі көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетіп, жаңа өндіріс орындары ашылып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Бүгінде экономиканың нақты секторына инвестиция тарту – Тараз қаласының дамуындағы басым бағыттардың бірі. Инвестиция көлемінің артуы жаңа кәсіпорындардың ашылуына, өндірістік қуаттардың кеңеюіне, инфрақұрылымның жаңаруына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына тікелей әсер етеді. Осы мақсатта қалада инвесторлар үшін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, өндірістік алаңдарды дамыту және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану бағытында кешенді жұмыстар атқарылып келеді.

2026 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 96,3 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 миллиард теңгеге артық. Нәтижесінде инвестиция көлемінің нақты өсімі 19,3 пайызға жетті. Өткен жылдың осы кезеңінде негізгі капиталға 76,9 миллиард теңге инвестиция салынса, биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай ұлғайып отыр. Бұл өз кезегінде Тараз қаласының инвестициялық тартымдылығының артып, бизнес үшін қолайлы өңірге айналып келе жатқанын көрсетеді.

Инвестициялық белсенділіктің артуы өнеркәсіп саласының дамуына да оң ықпал етуде. Қаңтар-мамыр айларында өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 291,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,6 пайызға өсті. Былтыр бұл көрсеткіш 287,4 миллиард теңге болған. Өнеркәсіп өндірісінің тұрақты өсуі өндірістік қуаттарды жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және инвестициялық жобаларды тиімді іске асырудың нәтижесі болып табылады.

Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында жалпы құны 5,2 миллиард теңгені құрайтын екі инвестициялық жоба іске қосылды. Соның нәтижесінде 30 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. Аталған жобалар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда.

Сонымен қатар инвестициялық жұмыстар қарқынды жалғасуда. Жыл соңына дейін жалпы құны 56 миллиард теңгені құрайтын тағы 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жаңа өндірістердің іске қосылуы қаланың өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, өңір экономикасының әртараптануына, салық түсімдерінің артуына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына оң әсерін тигізеді.

Тараз қаласында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық саясат алдағы уақытта да экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге бағытталмақ. Жаңа жобалардың іске асуы өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар Тараз қаласының инвестициялық әлеуетін одан әрі нығайтып, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болады.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты