Бибісара Асаубаева халықаралық турнирдің басты фаворитін жеңді

0 47

Мәскеуде өтіп жатқан «Шахмат жұлдыздары» атты халықаралық турнирде сенсация болды. Блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева рапидте бәсекенің басты фавориті Сергей Карякинді жеңді, деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Ресейлік шахматшы әлемдегі ең мықты гроссмейстердің бірі. Қазіргі уақытта оның 2 739 ұпайы бар.

Турнир комментаторларының айтуынша, Бибісараның блицте әлем чемпионы болғаны бекер емес. Ол өзінің салқынқандылығымен Сергейдің мықты қорғанысына төтеп беріп, жеңіске жетті.

Екі мықтының ойыны мазмұны жағынан да, нәтижесі жағынан да турдың сәнін келтірді. Бибісара бұған дейін сұхбаттарында осы турнирде Сергей Карякин және Теймур Раджабовпен ойнағысы келетінін бірнеше рет айтқан.

Өз кезегінде ресейлік гроссмейстер мұндағы жалғыз жеңілісінен ұялмайтынын мәлімдеді.

«Мен өте жақсы ойнайтын әлем чемпионынан ұтылдым», — деп айтты Карякин ойыннан кейін.

Айта кетейік, бұл жарыстың жүлде қоры 15 миллион рубль. Қазір мұнда әлемдегі ең мықты шахматшылар шеберлік байқасып жатыр. Олардың қатарында Бибісара Асаубаева, Сергей Карякин, Александр Грищук, Теймур Раджабов, Раунаку Садвани, Франсиско Вальехо, Владислав Артемьев, Екатерина Лагно және басқалары бар.

Бір қызығы, қазақстандық гроссмейстер турнирге қатысатынын жарыс басталардан екі күн бұрын білген. Бибисара әлем чемпионы Владимир Крамниктің орнын басқан.

Рапид бәсекесі 24-26 қаңтарда өтті. Енді блиц түрінде (28 және 30 қаңтар) Бибисара Асаубаева әлі де өз шеберлігін көрсетеді деп сенеміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.