Біз жастарға сенеміз

0 12

Елге, жерге деген құрметі ерекше, мемлекетшіл ұстанымы нық әр азаматты Әнұранның айбыны тебірентпей қалмасы анық. Бұл күні еліміздің әр қиырында ел-жұрт түгелдей, Әнұран, Ту, Елтаңба – орны биіктен сайланған мемлекеттің мызғымас рәміздері екенін сезіне де, көрсете де білді.

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессор-оқытушылар құрамы еліміз бойынша бір уақытта шырқалған Мемлекеттік Гимнді бірге айтып, отаншыл рухты көтергені – елжандылықтың бір көрінісіндей болды. Елдік рух асқақтаған ерекше мерекеде Дулати университетінің басқарма төрағасы-ректор Талғат Ешенқұлов жақында әлемдік және халықаралық деңгейдегі жарыстарда, дүбірлі додалаларда еліміздің Көк туын көкте желбіретіп, ел мерейін асырып, жамбылдықтардың атын шығарып келген спортшыларға құрмет көрсетіп, сый жасады.

– Желбіреген көк Туды көргенде толқымайтын адам жоқ. Көк ту – бүкіл елдің азаттығының белгісі. Ту екі жағдайда көтеріледі. Президенттің шетелге мемлекеттік сапарларында жəне спортшылар жеңіске жеткенде. Сондықтан, байрағымызды көкте желбіретін, рәміздерге деген құрметімізді арттырып жүрген біздің спортшы студенттерімізге рахмет, — деді Талғат Ілиясұлы.

Еске сала кетсек, жақында ғана М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Ғасыр Тұрғынбай Кашиас Ду Сул (Бразилия) қаласында өткен ХХІVжазғы Сурдлимпиядада еркін күресінен қола жүлдегері атанған болатын.

Шектеулі мүмкіндіктеріне қарамастан, тағдырдың сынағына сынбай, талмай жаттығып, жетістікке жетіп жүрген еркін күрестен Қазақстан Республикасының спорт шеберіне кандидат Әділет Жамбыл, пара жеңіл атлетикада ел құрамасына жүлде салып жүрген студенттер –

Салтанат Әбілхасымқызы мен Анастасия Яковлеваға табандылықтары үшін қандай қолдау көрсетсе де жарасады. Халықаралық деңгейде өткен соңғы дүбірлі додада Салтанат күміс жүлдені жеңіп алса, Әділет пен Анастасия қола жүлдені қанжығаларына байлаған болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.