Елордалық жекеменшік балабақшаларда жеткіншектерді қорлаудың 17 дерегі тіркелді

0 9

Жыл басынан бері Нұр-Сұлтандағы жекеменшік балабақшаларда балаларды қорлау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеудің 17 фактісі тіркелді, деп хабарлайды Вaq-orda Оқу-ағарту министрлігінің бспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқу және тәрбие процесінде тәрбиеленушілердің денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлеріне қатысты 9 әкімшілік іс қозғалды. Жантүршігерлік оқиға елордалық «Сати» балабақшасында тіркелді. Әлеуметтік желілерде «Сати» жекеменшік инклюзивті балабақшасының тәрбиешілері баланың жылағанына назар аудармай, бүлдіршіндерді бұрышқа тұрғызып, оларға физикалық күш қолданып жатқаны туралы видео тарады. Тексеру нәтижесі бойынша балабақша меңгерушісіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ мектепке дейінгі мекеменің тиісті хабарламасыз жұмыс істегені анықталды. Нұр-Сұлтандағы «Majorik» балабақшасы да хабарламасыз жұмыс істеген. Оның басшылығына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Елордадағы басқа мектепке дейінгі ұйымдарда да балаларға қатыгездікпен қарау фактілері анықталды.

«Еркетай» балабақшасында тәрбиешілер баланы әжетханаға қамап тастаған, соның салдарынан бала дене жарақатын алған. «Lily» орталығында бала басқа баланы ұрып-соққан, бірақ тәрбиеші жағдайға еш көңіл аудармаған. «Алан» балабақшасында тәрбиеші баланы ұрып-соққандықтан жұмыстан шығарылды. «BOTAQAN-2020» ЖШС-да аутизм диагнозы бар егіздердің денесінен тістің іздері табылса, «Baby Boom NurSultan» балабақшаларында балалар қолдарын күйдіріп алған. Осыған ұқсас келеңсіз оқиғалар басқа балабақшаларда да анықталды.

«Қазір балабақша жұмысын бастап, балаларды қабылдауы үшін кәсіпкерлердің уәкілетті органға хабарлама жолдауы жеткілікті. Олардың одан кейінгі қызметін ешбір мемлекеттік орган реттемейді. Соның салдарынан соңғы жылдары мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың құқықтарын бұзу фактілері көбейді.Олардың кейбіреулерінде тәрбиешілер балаларға дұрыс қарамайды, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмайды, онымен қоса қызметкерлердің біліктілігі де көңіл көншітпейді. Сол себепті Оқу-ағарту министрлігі балабақшаларға лицензия беру тәртібін қайта енгізуге бастама жасап отыр. Бұл жерде жекеменшік ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік балабақшалар да лицензия алады. Меншік нысанына қарамастан балабақшалар ерекше тәуекел аймағына жатады. Балалар ерекше қорғауды қажет етеді, олар жасына байланысты шағым жасай алмайды және бұзушылықтар туралы да айта алмайды. Сондықтан лицензияны енгізу мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалардың толыққанды өсуі мен дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға ең төменгі талаптарды белгілеуге мүмкіндік береді. Көптеген адал кәсіпкер мен жекеменшік балабақшалар қауымдастығының өзі бұл бастаманы қолдап, лицензия беру мектепке дейінгі ұйымдар жұмысының сапасын арттыру құралдарының бірі екенін түсініп отыр», – деді Оқу-ағарту министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.