«Халық жауы» атанған қазақтың үш аруы

0 11

«Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп Жұбан ақын жырлағандай, тар жол, тайғақ кешкен тарихымызда халқымыз көрмеген азап аз шығар?! Әрісін айтсақ аңыз болар, берісінен бастасақ «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» салған жара әлі жазылған жоқ. Ал 100 мыңнан астам адам репрессияға ұшырап, 25 мыңдай боздағымыз ату жазасына кесілген кезеңнің қасіреті ұлт жүрегінде сақтаулы. Кеудесіне қорғасын оқ қадалғандардың қатарында Алатаудай азаматтармен қатар, қайсар қыздарымыз да болған.

Қазақтың қыздары қай кезеңде де батырлығымен, ақылдылығымен ерекшеленіп тұрады. Олар елінің ертеңгі мұраты үшін күресіп, халқының жарқын болашағын аңсады. ХХ ғасырдың басында талай жанның тағдырын талқандап, қасірет құшағына көмген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алғанда, аруларымыз ұмыт қалып жатты. Алайда бүгінгі күнге жеткен дерек бойынша өлім жазасына кесілген үш қызымыз бар. Олар: Шахзада Шонанова, Торғай Сүлейменова және Мәмилә Таңатова. Кеудесіне суық қарудың ұңғысы кезелген қыздарымыз көзі ашық, көкірегі ояу, жоғары оқу орнында оқыған, білімді бұрымдылардың қатарында еді. 1937 жылғы 15 тамызда Ішкі істер халық комиссары Н.Ежовтың жедел бұйрығы шығады. «Осы бұйрықты алғаннан соң, 1936 жылдың 1 тамызынан бастап бірінші және екінші категория бойынша әскери Алқа және әскери трибуналда айыпталған оңшыл-троцкистік тыңшылық-диверсиялық ұйымдар мүшелері, Отанын сатқандар әйелдерін репрессиялауға кірісіңдер», – деген тапсырма бойынша жер-жерде жаппай тұтқындау басталады.
Ең ауыр жаза арқалаған аруымыздың алғашқысы Шахзада Шонанова 1903 жылы 5 сәуірде Батыс Қазақстан облысы, қазіргі Сырым ауданында дүние есігін ашыпты. Тұқымынан тектілік үзілмеген Шахзаданың әкесі Арон Қаратаев белгілі қоғам қайраткері, заңгер Бақытжан Қаратаевтың туған інісі. Ауруға араша болып, адам жанын емдеуді бала күнінен армандап өскен Шахзада алдымен Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға қабылданып, кейіннен білімін Алматы медицина институтында жалғастырады. Бірақ әкесіне жабылған жазықсыз жаламен оқуын жалғастыра алмайды. Алаш арысы Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатова өз естелігінде қазақтың тұңғыш романы саналатын «Бақытсыз Жамал» шығармасын алғаш рет Шахзаданың аузынан естігенін айтады. Осындай білімді жас оқудан шығып қалғанына жасымай, бойындағы ізденістің арқасында 1928 жылы Қызылордаға қоныс аударып, Халық ағарту комиссариатының мектепке дейінгі балалар тәрбиесінің нұсқаушысы болады. Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында жауапты хатшы, Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер сынды жұмыстарды да жанын салып істейді. Талантты жанды тани білген мемлекет қайраткері, Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің шақыруымен бастауыш және орта мектеп бөлімінің ғылыми хатшысы, кейіннен әдіскер-кеңесшісі болып жұмыс істеп жүрген тұста бұл қызметтен де босатылады. Осы орайда айта кетерлігі, Шахзаданың Құдай қосқан қосағы халқымыздың белгілі ғалымы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ең жақсы көрген шәкірттерінің бірі болған. Сонымен бірге әдістемелік оқулық жазған ұстазымен бірлесіп методикалық кітап жазған қайраткер – Телжан Шонанұлы. Есіл ерге «халық жауы» айыбы тағылып, 1938 жылы 27 ақпанда ату жазасына кесілген. Ұлт мақтанышымен бір шаңырақта тұрған асыл жар жоғарыда айтқанымыздай, 1936 жылы қызметтен еріксіз босатылады. Бұған да мойымаған білімге құштар жас Қазақ мемлекетік университетінің «Биология» факультетіне оқуға түседі. Тағдыры бұралаң қыз оны да толық аяқтай алмай, 1937 жылы тұтқындалады. Оны тұтқын анкетасында «әкесі бай, жартылай феодал» деп көрсетіп, «буржуазиялық-ұлтшыл, төңкерістік бағыттағы ұйымда болған, Кеңес өкіметінде төңкеріс жасап, Қазақстанды Кеңестер Одағынан аластатуды көздеген, Сәдуақасов, Жүргеновтермен байланыста болған, 1936 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университеті ғимаратын өртеген, ұйымның төңкерістік және террористік бағыттағы жоспарларымен таныс болған, зиянкестікпен айналысқан, мектепке дейінгі балалар тәрбиесіне кері әсерін тигізген» деген айып таққан. Осы желеумен 1938 жылы 9 наурызда Шахзада ату жазасына кесіліп, кеудесіне оқ қадалады. Араға 20 жыл салып, қылмыс құрамының жоқтығына байланысты ақталды. Қазақтың ару қызының сыртқы сымбаты, ажары, жүріс-тұрысы туралы жазушы Хамза Есенжанов «Ақ Жайық» романында ерекше суреттеп көрсеткен. Бір өкініштісі, Шахзаданың қабірі қайда екендігі әлі күнге белгісіз.
Келесі сөз етпегіміз Торғай Сүлейменова туралы болмақ. Ардақты анамыздың жолдасы Мәжен Сүлейменұлы ұзақ жыл колхоз басқарған, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болған. Сол қасіретті жылдары кейіпкеріміздің әкесі Қиқымда тұтқындалып, өлім жазасына кесіледі. Торғайға тағылған айыпта: «Әлсеневтің контрреволюциялық ұлттық ұйымына 1935 жылдың қазан айында кіріп, соның бұйрығымен колхоздарда төңкерісшіл кадрларды дайындап, контрреволюциялық, ұлтшыл ұйымға Шахман ауылдық кеңесінің төрағасы, партия мүшесі Мәжен Сүлейменовті тартқан. Колхоздың жұмыс күшін әлсірету мақсатында «Исаев» колхозының 1404 рублін жымқырған, аталған колхозда мал басын 45 пайызға қысқартқан» делінсе, тұтқын анкетасында «молда, байдың қызы, сауатты, «КПСС-ке – 15 жыл» белгісімен марапатталған, КПСС мүшесі», – деп көрсетілген екен. 1957 жылы ерлі-зайыпты екеуінің өкімет пен партия алдында еш кінәсі жоқтығы дәлелденіп, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының ақтау туралы бұйрығы шығады. Бүгінде Қарағанды облысы, Киевка кентінің бір көшесі Мәжен және Торғай Сүлейменовтердің есімімен аталады.
Өмірі қыршыннан қиылған аруымыздың бірі – Мәмилә Таңатова. Ол 1907 жылы, Қарағанды облысы, Қу ауданында кедей шаруа отбасында өмірге келген. Жағдайы төмен отбасында туып, қарапайып адамдардың қатарында колхозда жұмыс істеп, контрреволюциялық ұйымдар мен төңкерістерге қатыспаса да, «Қазақстанды КСРО-дан бөліп алып кеткісі келген» деген айыппен 1937 жылдың 29 тамызында тергеуге алынып, 38 боздақты оққа байлаған қанды кеште 39-шы болып Мәмилә мәңгілік сапарға кете барды. Таңатова туралы толық мәлімет іздеп жүріп мына бір материалды көзіміз шалып қалды. Онда Зайыт Сәтиев атты азаматты айыптау жөніндегі тергеу ісінде Таңатова Мәмилә есімді әйел аты ұшырасады. Зайыт кейін ақталып шығады әрі сол деректе ол «бай баласы» деп жазылған. Жылымық орнаған 1957 жылы Мәмилә «қылмыс құрамы анықталмаған» деген шешіммен ақталады.
«Халық жауы» атанып, қыршын кеткен үшеудің ішінде Мәмилә Таңатова сол кезде небәрі 30 жасқа енді келсе, Торғай Сүлейменова мен Шахзада Шонанова 35-тің көктемін көре алмай кеткен екен. Торғай мен Мәмиләдан келешек ұрпаққа тіпті бір жапырақ сурет те қалмағандығы кімнің болса да өзегін өртейді. Ендеше, ұлтын сүйгені үшін «ұлтшыл» атанған аруларымыздың есімін әркез ұлықтау тарих пен келешек алдындағы қастерлі парызымыз болып қалуы тиіс.

Жұматай Көксубайұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.