Көне динозаврдың сүйегі аукционда 6 млн долларға сатылды

0 11

АҚШ–та көне динозаврдың қаңқасы 6 млн доллардан астам сомаға сатылды. Оны белгісіз біреу сатып алған.

Бейсенбі күні Нью-Йорктегі Sotheby’s аукционында горгозаврдың қаңқасы сатылымға шығарылды. Ол – жұртқа жақсы танымал тираннозавр рекстің алыс туысы болып есептеледі. Анонимді сатып алушы енді жойылып кеткен жыртқышқа қалаған есімін бере алады.

Бұл жеке меншікке сатылымға шығарылған жалғыз жәдігер. Бүкіл әлемде бұндай сүйек қалдықтарының саны 20 ғана екені белгілі. Sotheby’s аукционына тарихта екінші рет қана динозавр сүйегі шығарылып отыр. Алғашқы Сью есімі берілген тираннозавр Чикагодағы жаратылыстану тарихы музейіне 1997 жылы 8,3 млн долларға сатылған еді.

Горгозавр Жерде шамамен 77 млн жыл бұрын тіршілік еткен. Басы, аузы үлкен, алдында екі қолы кішкентай болған. Динозаврдан кішірек болғанымен горгозавр тісі өткір, жылдам қимылдайтын болған. Сүйек Американың Монтана штатында табылған, 79 элементтен тұрады.

Биіктігі – 3 метр, ұзындығы – 6,7 метр. Бірқатар мамандар динозавр сүйегінің жеке аукционда сатылып жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Дереккөз: Қазақпарат сайтынан

Leave A Reply

Your email address will not be published.