Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға айыппұл мөлшері 9,5 млн теңге болмақ

0 7

Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға салынатын айыппұл мөлшерін 3 мың АЕК-ке дейін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған.

Айта кетейік, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған сенаторлар мемлекеттік рәміздерді қорлау бойынша заң баптарын барынша қатайтуды, белгіленген айыппұл мөлшерін екі есе көбейтуді және жаза мерзімін 5 жылға дейін ұзартуды талап еткен болатын.

«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» туралы 372-бабында көзделген жауапкершілікті қатаңдатуды, соның ішінде ең жоғары айыппұлды 2 000-нан 3 000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту және қоғамдық жұмыстарға тартудың ең ұзақ мерзімін 600-ден 900 сағатқа дейін ұлғайту бойынша түзетулерді мүдделі мемлекеттік органдар пысықтап жатыр», – делінген Әлихан Смайыловтың жауабында.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 1 сәуірінен еліміздегі 1 АЕК – 3 180 теңге. Демек, ендігі уақытта мемлекеттік рәміздерді қорлағандар 9 540 000 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.