Министрлер облыс орталықтарына ғана емес, ауылдарға да баруы керек – Үкімет отырысы

0 14

Биыл басшылардың халықпен 227 кездесу өткізуі жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров айтты.

«2022 жылға барлығы 227 кездесу өткізу жоспарланған, оның 55-і – бірінші, 172-сі екінші жартыжылдықта өтеді. Жыл басынан маусым айына дейін 45 кездесу өткізілген. Министрлер негізінен Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарына барған. Сонымен қатар Алматы, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында кездесулер аз болған. Кездесулерді өткізудің мерзім тәртібін сақтамау фактілерінің болғанын атап өту керек», – деді А. Омаров.

Сонымен қатар, министр тағы бір маңызды мәселе осы кездесулер туралы ақпарат таратуға қатысты болып тұрғанын айтты.

«Ақпараттық мониторинг кездесулердің республикалық және өңірлік телеарналар мен баспасөзде, әлеуметтік желілерде кең жарияланғанын көрсетті. Мемлекеттік органдар өткелі отырған кездесулер туралы анонстарды ресми интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарда жариялады», – деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, Ақпарат министрлігінде барлық қажетті ресурс бар және әрбір кездесуді жариялауға дайын.

«Тағы бір маңызды мәселе – Жарлық талаптарын сақтау. Халықтан сұрақтарды алдын ала жинау, онлайн трансляция, БАҚ-қа арналған брифинг өткізу, азаматтарды жеке қабылдау, коммерциялық емес ұйымдармен кездесу, проблемалық мәселелер бойынша іс-әрекет жоспарын дайындау. Талдау көрсеткендей, мемлекеттік органдар жалпы Жарлық талаптарын орындаған. Алайда мемлекеттік органдар кездесулердің әлеуметтік желілердегі онлайн-трансляцияларын және журналистерге арналған брифингілерді әрдайым өткізбейді. Кейбір кездесулердің қорытындылары бойынша Проблемалық мәселелер тізбесі бар іс-әрекет жоспарлары жасалмаған немесе ашық түрде орналастырылмаған», – деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет басшысы кейбір өңірлерде басшылар халықпен кездесудің жаңа форматына бейімделмей, ескі сүрлеуден шыға алмай отырғанын сынады. Үкімет отырысында биылдан бастап орталық және жергілікті атқарушы орган басшыларының өңірлерге барып, халықпен жүзбе-жүз кездесу өткізудің жаңа тәртібі жүзеге асырылып жатқаны айтылды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.