Отбасы – адам баласының алтын діңгегі

0 11

Отбасы – шағын мемлекет, Берекесі мен бірлігі жарасқан ыстық мекеннен елдің қамын ойлайтын тұлғалар түлеп ұшады. Демек, отбасы – адам баласының алтын діңгегі.

Қара шаңырақ кез-келген адам үшін өте қымбат. Себебі, бала осынау қасиетті де қастерлі мекенде әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен бойына жақсы қасиетерді дарытады.Сондықтан әрбір баланың жақсы болуы үшін оның тәрбиесіне аса қатты мән беруіміз керек. Текті қазақтың ұрпағы отбасын ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы деп санайды. Әрбір ата-ана үйінде балаларының санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастар жүйесін, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тыйым сөздерді, тәрбиелік мәні қазақы болмысты бойына сіңіреді.
Халқымыз бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлген. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы «баланың өмірді танып-білуіне, оның бойында қалыптасар балалық қасиетіне бір жауапты адам ата-ана» дей келе: «Балаға, көбінесе, үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшінші – құрбысынан. Осылардың ішінен бала қайсысын жақсы көрсе сонысынан жұғады» деп ой қорытуында үлкен тәрбиелік мән бар. Қысқасы, бала отбасында қандай тәрбие алса, балабақша мен мектепке, кейінгі өмірінде сол тәрбиесі өмірлік азық болары анық.
Тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ескерсек, ата-бабадан келе жатқан ибалық пен инабаттылықты өзіміз түпкілікті түсініп, балаларымызға соның нәрін сіңіре білсек, бұл қазіргі заманда бала тәрбиесіне қосқан біздің қомақты үлесіміз болар еді. Еліміздің егемендік алып, өз мәртебесі биіктей түскен шақта ең алғашқы алға қойған міндеттің бірі – бала тәрбиесі болды. Ал сол жас ұрпаққа тәрбие беретін бүгінгі тәрбиешілер бала тәрбиелеу мен білім берудің жаңаша жетілдірілген әдіс-тәсілдерін іздестіріп, күнделікті жұмыс барысында жаңашыл бағыттар қарастырып, оны өздерінің іс-тәжірибесінде қолданып келеді. Осындай жүйелі жұмыс атқарылғанда ғана бала тәрбиесі алға басары сөзсіз. Бұл ойдың тармағы бүгінгі тәрбиешінің кәсіптік шеберлігінде, шығармашылық дамуына әкеліп соғады.
Әке мейірімінен құрышын қандырып, ана сүтінен нәр алып, екеуінің ұлағаты мен тағылымын көріп өскен ұрпақ елін, жерін, халқын сүйетін, елдің болашағын, халқының қамын ойлайтын, жоғын жоқтайтын, парасатты, ой-өрісі кең, дүниетанымы жоғары, жан-жақты, білімді де білікті, ұлжанды тұлға болып қалыптасатыны анық. Олай болса, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгеніміз жөн.

Абай Итаев,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің
өндірістік оқыту шебері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.