Полицейлер бірнеше өңірде курьер болып есірткі тасушыларды ұстады

0 21

 Тәртіп сақшылары Рудный, Шымкент қаласы және Атырау облысында курьер болып жұмысқа тұрып, есірткі тасығандарды ұстады.

«Рудныйда синтетика жеткізуші ұсталды. Одан 16 грамнан астам «а-PVP» есірткісі тәркіленді. Күдікті Telegram желісі арқылы курьер болып жұмысқа орналасқан. Ол zip-пакеттерге оралған есірткінің ірі партиясын алып, оларды облыстың бірнеше қалаларына жасырып кеткен.

Синтетиканы өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деді Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

ІІМ таратқан мәліметке сәйкес жыл басынан бері Қостанай облысында полицейлер «жеңіл ақша табудың жарнамасы» бар 120-дан астам сілтемені бұғаттап, 10 есірткі жасырушыны ұстаған.

Сондай-ақ, Атырау облысында интернет-дүкенге курьер болып жұмысқа орналасқан синтетикалық психотроптық заттарды жасырушы ұсталды.

«Оның жалдамалы пәтерін тінту барысында салмағы 1,5 кг «Альфа-РVР» және «Мефедрон» есірткі заттары тәркіленді. Одан бөлек, Шымкентте полиция қызметкерлері елдің бірқатар ірі қалаларында синтетикалық есірткіні көтерме сатумен айналысқан өңірлік есірткі курерін ұстады», – деді Ішкі істер министрлігі Есірткіге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов брифингіде.

Айта кетсек, Ішкі істер органдарымен ел аумағында 5-9 ақпан аралығында «Тосқауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.