Қанттың бағасы арзандайды-АШМ

0 8

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі елдегі қант тапшылығы мен бағаға қатысты алдағы уақытқа болжам жасады.

«Қант тапшылығы мен бағаның өсуі Қазақстанға аталған өнімнің едәуір бөлігін жеткізуші Ресейдің қант экспортына тыйым салуымен байланысты екені белгілі. Жағдайды тұрақтандыру үшін қазақстандық қант зауыттарына 350 мың тонна көлемінде шикі құрақ қантын және құрамында қант бар өнім өндіретін кәсіпорындар үшін дайын қантты үшінші елдерден бажсыз әкелуге квота бекітілді. Үшінші елдерден әкелінетін бажсыз қант отандық нарыққа айтарлықтай көлемде жеткізіліп жатыр. Бұл ішкі нарықтағы жағдайды едәуір тұрақтандырды», – деген министрліктен ресми жауап келді ҚазАқпарат жолдаған сауалға.

Сондай-ақ, министрлік еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі қант зауыттары өнім жинауды бастап, қант өндірісін қайта жандандыратынына сенім артып отыр. Айтуларынша, отандық өндірушілер ішкі нарықты қантпен қамтуда септігін тигізеді.

«Одан бөлек, биыл 1 қыркүйекте Ресейде қант экспортына тыйым салу мерзімі аяқталады. Сонымен қатар биыл көрші елде қант қызылшасы бойынша жақсы өнім болады деп күтілуде. Осы орайда Қазақстанға өткен жылдарға қарағанда артық көлемде Ресей қанты жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Жоғарыда аталған жағдайларды ескере отырып күзге қарай елімізге қант жеткізу жағдайының тұрақталатыны сөзсіз. Сол сияқты нарықтағы ұсыныстың ұлғаюына байланысты баға да объективті түрде төмендейтін болады. Алайда, қазір бағаның қандай болатынын нақты айту мүмкін емес. Өйткені, бағаға көптеген фактор әсер етеді», – дейді ведомстводан.

Leave A Reply

Your email address will not be published.