Қарағандыда балалардың улану себебі неге әлі күнге дейін айтылмай отыр

0 36

Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында уланған бес бала әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, зертханалық зерттеулер әр түрлі кезеңдерде жалғасып жатыр. Бір-екі айға созылатын зерттеулер бар.

Сондай-ақ, Бас прокуратураның тексеру қорытындысы әлі шыққан жоқ.

Мұнда жұқпалы аурулар нұсқасы алынып тасталды. Балалардың барлық биологиялық материалдары неден уланғанын анықтау үшін сот-медициналық сараптамаға жіберілді.

«Балалар толық ем алып жатыр. Оларды дәрігерлер улы заттан туындаған аурулар туралы хаттамамен емдейді. Барлық республикалық үздік мамандар оларға күн сайын кеңес береді, қажет болса сол жерге барады. Неліктен біз балаларды бірден республикалық деңгейге жеткізбедік, өйткені тасымалдау олардың жағдайын нашарлатады. Балалар әлі аппаратта жатыр. Қазір екі бала ӨЖЖ аппаратынан алынып, неврологиялық бөлімшеге ауыстырылуда», – деп толықтырды Ажар Ғиният.

Еске салсақ, 30 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бірнеше бала уланып, оның біреуі қайтыс болды.

Алтауы жансақтау бөліміне жеткізілді.

Тамыз айының басында тергеу аяқталғанға дейін орталық директорының міндетін атқарушы және осы орталықтың 12 медицина қызметкері жұмыстан шеттетілді.

Кейіннен балалар тамақтан уланбаған болып шықты.

Кеше уланған балалардың тағы біреуі ауруханада көз жұмды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.