Қазақстандықтар Андорраға визасыз сапарлай алады

0 15

Бүгін ҚР Премьер-Министінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Андорра Сыртқы істер министрі Мария Убахпен кездесті. Кездесу қорытындысында паспорттың барлық түрі үшін визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойылды.

«Елордаға келгенге дейін Андорра Сыртқы істер министрі Алматы қаласына барып, бірқатар кездесу өткізді. Оның ішінде қаланың әкімімен де келіссөз жүргізді. Қазақстан мен Андорраның екіжақты байланыстары тұрақты, үдемелі сипатқа ие, сындарлы және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Ең озық және перспективалы бағыт – туристік сектор. Осыған байланысты бүгінгі келіссөздердің қорытындысы бойынша біз паспорттың барлық түрі үшін визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойдық. Ол біздің елдеріміз арасындағы бірінші үкіметаралық келісім болды», – деп атап өтті Мұхтар Тілеуберді кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында.

Сонымен қатар ол Қазақстан мен Андорра арасындағы шарт-құқықтық база екі ел халықтарының мүддесі үшін одан әрі де толықтырылатын болады деп үміттенетінін жеткізді.

«Екі ел халықаралық құрылымдарда бір-біріне өзара қолдау көрсетеді. Қазақстан мен Андорраның БҰҰ және ЕҚЫҰ аясындағы ынтымақтастығы жемісті дамып келеді. Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясы мен ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы алаңдарында парламентаралық байланыстар дамуда. Сонымен қатар біз Андорраға Қазақстан Республикасының 2022-2024 жылдарға арналған БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне кандидатурасын қолдағаны үшін алғысымызды білдіреміз», – деді Үкімет басшысының орынбасары.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.