«Шала піскен» балалардан көңілім қалды». Мархаба Сәби Мирас Жүгінісовке ренішін білдірді

0 64

Танымал әнші, композитор Мархаба Сәби ағайынды Жүгінісовтерге, оның ішінде, Мирас Жүгінісовке өкпелі екенін айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

«Бүгін мен Мирас Жүгінісовке, жалпы, Жүгінісовтер отбасына деген ренішімді, көңілімнің қалғанын айтқым келіп, білдіргім келіп отыр, осыған дейін үндемей келдім. Бірақ біраз миға қонбайтын нәрселер жасап жатыр. Біз Мирас Жүгінісовпен, Мұрат Қабылов деген тамаша композитор бала үшеуміз 2018-2019-жылдары Мирастың алғашқы шығармашылық бастамасын бастағанбыз. Мұрат Қабылов әнін, мен сөзін жазамын. «Әдетте тәтті-тәтті бәрі басында», «Сүйем, сені сүйем», «Мың есе», «Ол» сияқты әндерді жаздық. Біраз сәтті жұмыс істелді. Сол кезде мен мәтінді 70 мың теңгеге дейін жаздым. Бірақ мен ақша үшін жасаған жоқпын, Мұраттың әндерін ұнаттым. Бір кезеңге дейін жақсы жұмыс істеп келдік. Бірақ әндері жақсы тарап, атақ келе бастаған соң, Мирастан бір өзгеріс байқадым. Көкірегін көрдім, мінезін байқағаннан кейін «осы жерден тоқтата қояйық, мен саған енді мәтін жазбаймын. Бірақ осыған дейін жазған жұмыстарды айте бер, орындай бер, себебі халыққа тарап кетті, мен қызғаншақ адам емеспін, қызығын көре ғой» деп бердім», –  дейді өнер иесі.

Оның айтуынша, арада біраз уақыт өткенде Мұрат Қабылов хабарласып, өз шығармашылық жолын бастағалы жатқанын, мәтін жазып беруін өтінген.

«Өзің айтатын болсаң жазайын, бірақ Мирасқа емес» деп ескерткем. Солай «Сен туралы ғажайып, шытырман толы роман жазғым келеді» деген кеңінен таралған әнді және «Уақыт» деген әнді Мұрат Қабыловтың өзіне жазып бердім. Бірақ оны неге екенін білмеймін, Мұрат емес, Мирас айтып шықты. Менің рұқсатымсыз, ешқандай ескертусіз жариялап шығарды. Оның үстіне, менің атымды автор ретінде еш жерде көрсетпей шығарып жіберді». Мұны Мирастың өзі жазғандай шығарған. Не деген құрметсіздік?! Түсіне алмадым», – деді Мархаба Сәби.

Өнер иесі «Қазақстан дауысы» жобасында Мұхамедәлі Жүгінісовтің «Уақыт» әнін орындап шыққанына, онда Мархаба Сәби әннің авторы ретінде көрсетілмегеніне наразы.

«Уақыт» деген әнге композитор деп Мұрат Қабылов деп жазылыпты, сөзіне басқа адамды белгілеп қойыпты. Мен өз атымды таба алмадым. Жалпы, «Уақыт» – мен үшін қымбат ән туынды, 2019 жылы шыққан, өте қиын кезең, карантин кезінде жазғам. Уақыттың қадірін санасы тоғысқан адам, өмірді көрген адам, білімі бар адам ғана мұндай нәрсе жаза алады. Ал бұл балаларға қазір атақ қызық, ақша қызық. Олар мұндай әндердің қадірін қайдан білсін?! Құрметсіздік жасап отыр, көңілім қалды. Аузынан сүті кетпеген, жас, шала піскен балалардан көңілім қалды. Мысалы, Роза Рымбаеваға да бір текст жазып бергем. Ол кісі әр концертінде менің атымды атап айтып, құрметін білдіріп жатады. Мен мұны мәдениеттілігі, білімді екені, сана сезімінің жоғары екені деп есептеймін. Ал Мирас Жүгінісовтің бұл ісі өкінішті жағдай», – дейді ол.

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/basty-zhaalytar-438/96660/

Leave A Reply

Your email address will not be published.