Талдықорған полициясында қыз зорланды: ІІМ іске қатысты мән-жайды бөлісті

0 65

Талдықорған қалалық полиция басқармасында қыз зорлау ісі бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жағаұстатарлық оқиғадан кейін құқық қорғау органдарында қандай шаралар қолға алынғанын айтты, деп хабарлайды Бақ-орда.

«Іс қандай кезеңде екенін айта алмаймын. Тергеу айналысып жатыр, материал сотқа жіберілгенде білесіздер», деп қысқа қайырды Лепеха сенат кулуарында.

Айтуынша, Талдықорған полициясының ғимаратында болған оқиғадан кейін облыстың полиция департаментімен және жеке құраммен жиналыс өткен. Бұл мәселе ішкі істер министрлігінің алқасында да қаралды. Жеке құрам арасында тәртіп орнату және дисциплинаны қатаңдату шаралары үнемі қабылданады.

«Сондай шаралардың бірі – аттестация. Жеке құрамның жұмысына жауапты орта буындағы басшыларды тексереміз, талапқа сай келмейтіндерден құтыламыз. Тәртіп сақшылары қатарында тәртіп орнату – басым міндеттердің бірі. Егер мұндай жағдайлар анықталса, өзіндік қауіпсіздік, кадр бөлімшелерінің қызметкерлері де жауапқа тартылады», деп түсіндірді Лепеха.

Осы орайда журналистер министрлік полицейлер арасында зорлық-зомбылыққа баруы мүмкін қызметкерлерді қалай анықтайтынын сұрады.

«Біз әлгі адамның мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, заңды бұзып-бұзбағанын, оның абырой-беделін түсіретін материалдар бар-жоғын – барлығын тексеріп, ескереміз. Сосын әңгімелесу барында көп нәрсені аңғаруға болады. Әрбір қызметкерді жеке-жеке қараймыз», деді ІІМ басшысының орынбасары.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр қараша айында Талдықорған қалалық полициясының бастығы 27 жастағы қызды зорлады деген күдікпен ұсталды. Осы оқиғадан кейін облыстық полиция депаратментінің басшылығы да жұмыстан босатылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.