Ұлттық құрама Ұлттар лигасында көш бастады

0 14

Біз әлемге аты мәлім футбол жұлдыздары Марадонна, Пеле сынды сұрмергендердің ойындарын құмарта көріп өстік. Осы бір спорт түрінен отандастарымыз да алдыңғы қатардан көрінсе деп армандадық, талай сын да айтылды. «Көш жүре түзеледі» деген рас екен. Бүгінде Ұлттық құрамамыз Ұлттар лигасында айды аспаннан шығарып, сенсация жасауда.

Қазақстан футбол құрамасына бас бапкер болып ресейлік маман Магомед Адиев келгеннен бастап қысқа уақытта ала доптан айтарлықтай оң өзгерістер, қуанышты жаңалықтар көбейіп келеді. Ол жаттықтырғаннан бері қазақстандықтар төрт кездесудің үшеуінде жеңіске жетті. Бұл – тамаша нәтиже.
Магомед шәкірттері С дивизионының 3-тобында алдымен өз алаңында Әзірбайжанды 2:0 есебімен жеңген болатын. Ойынның екінші жартысында шабуылшы Абат Айымбетов екі гол соғып, жанкүйерлер үмітін ақтады. Осылайша ұлттық құрама үш ұпаймен С тобында бірінші орынға шыққан еді. Ал Беларусь құрамасымен тең түскеніміз де оңай нәтиже емес. Словакия мен Қазақстан арасында болған алғашқы ойында «Қазақстанның қарсыласуға қауқары жете ме?» деген күмәнның болғаны жасырын емес. Дегенмен құрамамыздың жастары қарқындарын алғашқы минуттан бастап-ақ көрсетті. Аслан Дарабаев ойынның 26-минутында қарсыластың қақпасына гол салып, нәтижесінде Словакияны 1:0 есебімен тізе бүктірді.
Күні кеше қарымта ойында еліміздің аяқдопшылары Ұлттар лигасы аясында Словакия құрамасын қатарынан екінші матчта жеңіп, сенсация жасады. «Астана-Арена» стадионында өткен аламанның алғашқы таймында-ақ отандастарымыз 2:0 есебімен алға шықты. 18-ші минутта Ян Вороговский ашқан есеп 39-шы минутта Эльхан Астановтың соққан голымен еселене түсті. Екінші таймда қарсыластар жалғыз допты қақпада тулатқанымен, есепті теңестіре алмады. Осылайша ойын 2:1 есебімен біздің пайдамызға шешілді. Соңғы ойынның нәтижесі бойынша ел құрамасы 10 ұпаймен турнир кестесінде көш бастады.
Осы орайда ұлттық құраманың жеңіске жету жолында тараздық тарландар да аянып жатқан жоқ. Олардың қатарында қақпашы Мұхаммеджан Сейсен, қорғаушы Елдос Ахметов, жартылай қорғаушы Бауыржан Байтана және шабуыл шебіндегі Абылайхан Жұмабектер бар.
Қазақстан құрамасы қалған ойындарын қыркүйек айында өткізеді. 22 қыркүйекте Беларусь құрамасын қабылдаса, санаулы күндерден кейін сырт алаңда Әзербайжанмен кездеседі. Жігіттердің жеңісті жорығы жалғаса берсін деп тілейміз.

Жұмаш Жолболды

Leave A Reply

Your email address will not be published.