Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар шығаратын ірі химия кешені іске қосылады

0 29

Жамбыл облысында жұмыс сапарымен жүрген ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің даму барысымен танысып, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға барды.

Ағымдағы жылдың 7 айында өңірде өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 510,1 млрд. теңгені құрады, өсім-7,8%. Қазіргі уақытта 838 кәсіпорын жұмыс істейді, жұмыспен қамтылғандар саны 43,2 мың адамды құрайды.

Облыста өңдеу саласы дамыған, оның жалпы көлемдегі үлесі 72%  құрайды. Минералды тыңайтқыштар өндірісінде 3,2 есе, қантта– 8,9%, ірімшік пен сүзбеде – 5,9%, аяқ киімде – 20,2% өсім байқалады.

Бүгінгі таңда өңдеу секторында 573 кәсіпорын жұмыс істейді. Жұмыспен қамтылғандар саны 23,9 мың адамды құрады. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыста өңдеу өнеркәсібінің көлемі 316,3 млрд.теңгені немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107,6%  құрады. Өңдеу өнеркәсібіндегі химия саласының үлесі 49,4% құрайды.

ҚР Үкіметінің басшысы өңірдегі іргелі  кәсіпорындардың бірі- «ЕвроХим Қаратау» ЖШС-не  барып,  өңірдің басым саласының даму қарқынын бағамдады.

«ЕвроХим» компаниясы ауқымды инвестициялық жобаның бірінші кезеңін іске асырды – тау-кен кешені негізінде жылына 660 мың тоннаға дейін фосфорит өндіру жолға қойылды және қуаттылығы жылына 640 мың тонна орташа ұсақтау және ұсақ ұнтақтау торабы салынды. Инвестиция сомасы 126 млн. долларды құрады.

Екінші кезеңде минералды тыңайтқыштар өндіретін химиялық кешеннің құрылысы басталды.  Өндіріс қуаттылығы-жылына кемінде бір миллион тонна өнім. Екінші кезеңді іске асыру миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға, 1200 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр Үкіметтің химия өнеркәсібіндегі жобаларды жүзеге асыруға үлкен көңіл бөліп отырғанын, сондықтан жаңа ірі зауыттың өңірдің ғана емес, жалпы республиканың дамуы үшін де маңызы зор екенін баса айтты.

-Бұл жобаны іске қосу ауыл шаруашылығы саласының қажетті минералды тыңайтқыштарға деген сұранысын тиісті деңгейде қамтамасыз етеді және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сондықтан ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнімді тезірек шығару үшін зауытты уақтылы іске қосудың маңызы зор, — деді Әлихан Смайылов.

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов химия өнеркәсібінде өнім өндіру көлемінің тұрақты өсу үрдісі байқалып отырғанын, бұл өңірдің Қазақстанда химиялық өнім өндіру бойынша жетекші рөлін қамтамасыз ететінін атап өтті.

Мұнда Үкімет басшысына «ЕвроХим» және «Шу» автоматтандырылған газ тарату стансалары құрылысының барысы жайлы ақпарат берілді. Бұл Сарысу және Шу аудандарының 32 елді мекенін (61,7 мың адам), «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-ның жаңа химиялық кешенін және Мойынқұм ауданының 24 елді мекенін (28,7 мың адам) газбен қамтуға мүмкіндік береді.

Шу ауданында Әлихан Смайылов «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының қызметімен танысты. ҚР Премьер-Министріне «TAS Market» ЖШС-нің  кремний кластерін құру бойынша инвестициялық жобасы таныстырылды: өнеркәсіптік кремний, графит электродтары, полисиликон, күн панельдері өндірісі жолға қойылады.

Сондай-ақ, еліміздегі алғашқы сода шығаратын зауыттың құрылысы бойынша жоба таныстырылды. Жобаны Yildirim Holding түрік компаниясының еншілес кәсіпорны «QazaqSoda» ЖШС жүзеге асыруда. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі. Өндірістік қуаттылығы — жылына 500 мың тонна.  Келешекте жылына 1,2 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарда бар. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында электр желілері тартылды, су құбырын салу, теміржол инфрақұрылымын жабдықтау жоспарлануда.

-Біз бұл жобаларды қолдаймыз және жетіспейтін инфрақұрылымды тарту бойынша жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Мұны бір жыл ішінде іске асыруға болады. Индустрия министрлігі мен ҚТЖ-ға тиісті тапсырма беремін, — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

Нұржан Нұржігітов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инвестиция тарту, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту, жаңа зауыттардың қажеттілігі сынды мәселелердің тұрақты бақылауда екенін айтты.

2023 жылғы қаңтар-шілдеде облыстың негізгі капиталына инвестициялар көлемі 241,0 млрд. теңгені құрады, өсім – 15,9%. 2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 572,2 млрд. теңгеге дейін инвестиция тарту жоспарлануда. Ағымдағы жылы 491 жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 84,1 млрд.теңгеге 18 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. 2027 жылға дейін 6 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып жалпы сомасы 3 трлн. теңге болатын 60 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде.

  • Апта сайын өтетін 38 инвестштаб отырысында 95 жоба қаралып, 70 млрд. теңге инвестиция тартылды.
Leave A Reply

Your email address will not be published.