Жаңалықтар
ДСМ: Биыл медицина қызметкерлері тапшы аймақтарға 2,9 мың жас маман бөлінді
- author BAQ-Orda
- 2 тамыз, 2022
- 159
ДСМ: Биыл медицина қызметкерлері тапшы аймақтарға 2,9 мың жас маман бөлінді
Биылғы жылы Мемлекеттік комиссия шешімімен медициналық мамандықтар бойынша білім алған 4,1 мың түлектің 2,9 мыңы дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері тапшы аймақтарға қызмет етуге бөлінді, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.
«Медициналық жоғары оқу орындарын бітірген 4 137 түлектің 2981-і өңірлерге былай бөлінді: бакалавриат – 116, интернатура – 2 644, резидентура – 1 153, магистратура – 90, докторантура – 134. Ал мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында медициналық мамандықтар бойынша 2022 жылы оқуын аяқтаған 1156 түлек «Білім туралы» заңның 17-2 тармағына сәйкес мемлекет есебінен тегін оқу ақысын еңбекпен өтеу міндеттемесінен босатылды (олардың қатарына мүгедектігі бар жандар, резидентура, магистратура, докторантурада оқуын жалғастырушылар, жүкті әйелдер немесе үш жасқа дейін баласы бар немесе баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырғандар т.б. жатады)», – деп жазылған ДСМ баспасөз хабарламасында.
Хабарламаға сүйенсек, жергілікті әкімдіктер өңірлерге кадр тарту әрі ынталандыру мақсатында ауылдық жерге еңбек етуге келген жас мамандарға 100 АЕК көлемінде көтермелеу қаржысын төлеуді қарастырады және 1500 АЕК көлемінде үй алуға немесе үй құрылысына бюджеттік кредит ұсынады. Сондай-ақ бірқатар өңірде республикалық не жергілік бюджет қаражаты есебінен, медициналық ұйымдардың бюджеттен тыс қаржысы есебінен үй алуға бюджеттік кредит беру секілді қосымша әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған.
Елімізде жыл сайын медицина мамандықтарына мемлекеттік білім беру тапсырыс көлемі ұлғайып келеді. 2022 жылы шамамен 4 700 грант бөлінген. Оның ішінде бакалавр пен интерндерге – 2 700 орын, резиденттерге – 1 500 орын, магистранттарға – 325 орын, докторанттарға – 160 орын бөлініп отыр.