Жаңалықтар
"БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН САНҒА ҒАНА ЕМЕС, САПАҒА НЕГІЗДЕУ – БҮГІНГІ КҮННІҢ БАСТЫ ТАЛАБЫ" – МЕЙІРХАН АЗАТҰЛЫ
- author BAQ-Orda
- 15 қыркүйек, 2023
- 142
"БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН САНҒА ҒАНА ЕМЕС, САПАҒА НЕГІЗДЕУ – БҮГІНГІ КҮННІҢ БАСТЫ ТАЛАБЫ" – МЕЙІРХАН АЗАТҰЛЫ
Қазіргі таңда дүниежүзілік білім жүйесі деңгейіне сәйкес келетін, сапалы білім беруге жағдай жасайтын, үйлесімді дамытуға бағытталған білім беру көзделіп отыр. Білім мекемелерінде балалар қауіпсіздігі, жайлы мектептердің салынуы, оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуы тақырыптарын БАҚ беттерінде ұстаз, ата-ана арасында түсіндіріп, пікірлесу қазіргі заман талабы қажет ететін маңыздылығы бар.
Осы тақырыптарды кеңінен насихаттау үшін Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Өмірбек Мейірхан Азатұлының сұхбат сұрақтарына жауабын назарларыңызға ұсынамыз.
- Қайырлы күн, Мейірхан Азатұлы?! Жақында жарияланған Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында қоғам арасында бала құқығын қорғау жөніндегі ауқымды мәселелерді шешу керектігі баса айтылды. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі ел тірегі. Олардың денсаулығы мен қауіпсіздігі басты назарда болуы керек. Жалпы, осы бағытта қандай жұмыс атқарылды және қандай жұмыстар жоспарда бар?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. «Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін» - деп атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау бойынша тиісті жоспар жасалып орындалуда. Қазіргі таңда, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары мемлекеттік 690 білім беру ұйымында жүргізілуде(оның 224-і балабақша, 446-ы мектеп, 20-сы колледж). Білім беру нысандарының қауіпсіздігіне 1,8 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі күні 690 білім нысандары 100% бейнебақылау камераларымен қамтылды. Өңірдегі ІІ және ІІІ топтағы 365 мемлекеттік білім беру ұйымдардың 328-сі (90%)интеграцияланған, 346-сы (95%)дабыл түймесімен жабдықталған. Мамандандырылған күзет және турникетпен қамтамасыз етілуі қажет ІІІ-топқа жататын 228 білім беру ұйымы (174 мектеп, 45 балабақша, 9 колледж)100% күзетпен, 207-сі (91%)турникетпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алу мақсатында облыстың барлық мектептері «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесіне қосылды, аталған ақпараттық жүйенің QR кодтары облыс мектептеріне ілінді. («IT Group Kazakhstan» ЖШС-нің пилоттық жобасы). Үстіміздегі жылдың 28 тамызынан бастап «Komek Stop Bullying Jambyl» телеграм каналы жұмыс істейді, онда балалар кімдердің буллинг жасайтынын, ақша бопсалау, қысым көрсету фактілерін жазып көрсете алады, ақпарат беруші туралы мәлімет анонимді болғандықтан, балалар өз ойларын еркін жаза алады. Аталған телеграм каналға облыстық прокуратура, полиция департаменті білім басқармасының, білім бөлімдерінің жауапты мамандары қосылған. Буллингтің, әлімжеттік оқиғаларының алдын алуда мектеп психологтарының ролі зор, оларға үлкен жауапкершілік жүктелген. Сондықтан олардың жұмысына жағдай жасауымыз керек. Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек» - деп атап көрсетті. Осыған орай, мектеп психологтардың жұмысын автоматтандыру және психологиялық көмекті қажет ететін оқушыларға дер кезінде көмек көрсету мақсатында облыс мектептері HR+ психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесіне қосылды. Бүгінгі күні мектеп психологтарын аталған жүйемен жұмыс істеу тәртібі бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылуда. («Codo» ЖШС-нің жобасы) Анықтама үшін: Облыстағы 446 мектепте 419 мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары 200 мектеп директорларының құқықтық тәрбие жөніндегі орынбасарлары, 565 педагог-психологтар, 432 әлеуметтік педагогтар қызмет атқарады. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыс бойынша облыстық прокуратура, ішкі істер департаменті мен білім саласы қызметкерлерінің 1224 өкілінен құрылған 91 мобильдік топтар жұмыс істейді. Бұдан бөлек Тараз қаласындағы колледждер (21 колледж) бойынша 63 мүшеден тұратын 7 мобильдік топтар құрылған. Облыс әкімдігі, облыстық прокуратура, полиция департаменті арасында Жол картасы бекітілген. Облыс мектептерінде буллингтің алдын алу жұмыстары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің «Баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы қағидаларын бекіту туралы» 2022 жылғы 21 желтоқсандағы № 506 бұйрығына сәйкес жүргізілуде).
- Ал білім беру саласында қандай жетістікке жеттік? Түрлі білім додаларында жүлдегер балаларды ынталандыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Бүгінгі жас дарындар Қазақстанның жанды бейнесі. Қандай мықты мемлекет болмасын жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Облысымызда білімді жастардың қатары жыл өткен сайын артып келеді. Дарынды жастардың жетістігі өңірлік білім саласының жемісі. 2022-2023 оқу жылында Республикалық ғылыми жобалар байқауына облысымыздың 59 оқушысы қатысып, оның ішінде 35 жас ғалым алтын, күміс, қола медальдерді (3 алтын, 15 күміс, 17 қола медаль) жеңіп алды. 23 оқушы жоғары оқу орындарының білім гранттарына ие болды. 2-7 сынып оқушыларына арналған XVIIІ республикалық «Зерде» конкурсынан жас зерттеушілер 20 медальды (5 алтын медаль, 4 күміс медаль, 11- қола медаль) иеленді. ХІІІ Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша Халықаралық зерттеу жобалар конкурсына 11 оқушы қатысып, 9 оқушы жеңімпаз (1 алтын, 1 күміс, 7 қола медаль) атанды. Халықаралық «Математика және жобалау» конкурсына қатысқан 5 оқушы жеңімпаз атанды. Төкен Омаров атындағы республикалық ғарыштық физика мен астрономиядан оқушылардың ғылыми жарысына қатысқан 2 оқушы қола медальды иеленді. Республикалық «ProEco» экологиялық жобалар конкурсына қатысқан 4 оқушы жеңімпаз атанып, 3 алтын және 1 күміс медальды иеленді. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық пән олимпиадасына 39 оқушы қатысып, 17 оқушы жеңімпаз атанды. Оның ішінде 3 оқушы (Сабыр Жомарт, Қоршыбек Диас, Шарел Марғұлан) Республикалық құрама командасы құрамында Халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Сонымен қатар, олимпиаданың жеңімпаздары атанған Білім-Инновация лицей-интернатының түлектері Ахметбек Қаршыға, Амангелді Темірлан, Элик Шыңғысхан Қазақ-Британ Университетінің 100 пайыздық грантына ие болды. Білім-Инновация лицей-интернатының 10 сынып оқушысы Шарел Марғұлан Түркия мемлекетінің Анталия қаласында өткен математика пәнінен Халықаралық Балкан олимпиадасынан қола медаль иеленсе, Халықаралық математикалық «Жібек жолы» олимпиадасынан қола медаль, Халықаралық Жәутіков олимпиадасынан күміс медаль, геометриядан Халықаралық Иран олимпиадасынан алтын медаль иеленді. 2023 жылдың тамыз айында Шарел Марғұлан Жапония мемлекетінің Чиба қаласында өткен математикадан Халықаралық олимпиадаға қатысып, қола медаль иеленді. Осы жетістігі үшін ҚР оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 29 шілдесіндегі №347 бұйрығына сәйкес 500 АЕК мөлшерінде сертификат иеленді. Әлемнің 21 мемлекетінен келген дарынды оқушыларының қатысуымен Астана қаласында өткен химия пәнінен Халықаралық Менделеев олимпиадасына Білім-Инновация лицей-интернатының 10 сынып оқушысы Қоршыбек Диас қатысып, қола медаль иеленді. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық пән олимпиадасына 32 оқушы қатысып, 21 оқушы жеңімпаз атанды. Нәтижесінде Жамбыл облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» болып танылып, облыстар арасында жүлделі І орынды иеленді. Облыс әкімінің қолдауымен биылғы оқу жылынан бастап 43 оқушыдан жасақталған Жамбыл облысының құрама командасы жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән олимпиадасына дайындық мақсатында оқу-жаттығу жиындарына қатысатын болады. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың маусым айында республикалық, халықаралық деңгейдегі пән олимпиадалары мен ғылыми жоба конкурстарының жеңімпаздарына облыс әкімі тарапынан 100 оқушыға (2021 жылы 87 оқушы, 2022 жылы 91 оқушы) 100 мың теңгенің сертификаты берілді. Астана ІТ Университетінің ұйымдастыруымен өткен «Smart City» технологиялары бойынша республикалық ІТ жобалар конкурсына Тараз қаласы, №40 гимназиясының 11 сынып оқушысы Конратов Сағынтай қатысып, алтын медаль мен Астана ІТ Университетінің 100%-дық білім грантына ие болды. Робототехникадан «Robotek Grand Tournament» республикалық турниріне 14 оқушы қатысты. Нәтижесінде 8 оқушы жеңімпаз атанып, облыстар арасында командалық І орынды иеленіп, «Ел кубогіне» ие болды. Сондай-ақ, облыс оқушылары көркем сөз оқу байқауларына («Абай оқуы», «Ілияс оқуы», «Мағжан оқуы», «Мәшһүр Жүсіп оқуы», «Мақатаев оқулары», «Жамбыл оқуы») қатысып жүлделі орындардан көрінді. Атап айтатын болсақ, Астана қаласында өткен «Ақберен» өнер байқауынан Жамбыл облысы командалық есепте ІІ орынды иеленсе, Маңғыстау облысында өткен «Әбіш оқуы» ғылыми-шығармашылық байқауында командалық есепте І орынды иеленіп, «Ең үздік команда» номинациясымен марапатталды. «Ұлттың ұлы ұстазы» республикалық оқушылар айтысына қатысқан Жамбыл ауданы Айша-бибі орта мектебінің 9 сынып оқушысы Айдаралы Алина бас жүлдені иеленсе, Түркістан қаласында өткен «Жас тұлпарлар жырлайды» республикалық оқушылар айтысына қатысқан Талас ауданы, Тоқтықожаұлы атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Жүнісбек Айсұлу үшінші орынды иеленді. 2019 жылдан бастап «Ел үміті» корпоративтік қорының бастамасы аясында «Мың бала», «Қабілет» жобалары іске асырылуда. «Қабілет» – оқушылардың дарындылығын ерте жастан диагностикалау және дамыту қызметі бойынша өңіріміздің 16 мың оқушысы тест тапсырып, диагностикадан өтті. Ауылды жерлердегі оқушылардың дарыны мен қабілетін қолдау мақсатында «Мың бала» ұлттық олимпиадасына соңғы үш жылда қатысқан 27 мың оқушының 231-і (2020 жылы – 58, 2021 жылы - 33, 2022 жылы - 57 жеңімпаз, 2023 жылы - 83) жеңіске жетті. Қазіргі күні 195 (112+83) оқушы мамандандырылған мектепке орналастырылды. Дарынды жастарымыз жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын биік асуларға жетуді мақсат етіп, Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы жолында өздерінің терең білімдерін көрсететіні анық!
- Биылдан бастап бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылады ғой. Бізді мазалайтын тағы бір мәселе – ас мәзірі. Осы күні Білім басқармасы осы мәселені шешу үшін мектептерге қандай талаптар қоюда?
2023 жылғы 1 қыркүйектен барлық бастауыш сынып оқушылары бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылуда. Ас мәзірі «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 Қаулысында көрсетілген нормаларға сәйкес әзірленді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығына сәйкес барлық білім бөлімдерімен ас мәзірі бекітіліп, мектептер басшылыққа алуда.
- Біздегі бар мәліметтерге сүйенсек облыста 30-дан астам мектепте асханалар жоқ. Ол жақтағы оқушылар қайдан тамақтанады?
Бүгінгі таңда облыс бойынша 33 мектептің асханасы жоқ (Байзақ–6, Жамбыл – 9, Меркі–4, Мойынқұм -1, Сарысу – 1, Талас – 2, Т.Рысқұлов – 5, Шу - 4, Тараз - 1). Олардың 1-і орта, 1-і негізгі, 31-і бастауыш мектептер. Асханасы жоқ 15 мектептің мәселесін 2023-2027 жылдары 14 мектеп, 1 мектепке жапсарлас құрылыс салу есебінен шешу жоспарлануда. Ал, 2023-2024 оқу жылында осы мектептердегі оқушылардың тамақтануы қалай ұйымдастырылып жатыр дегенге тоқталатын болсақ, асханасы жоқ 13 мектептің бір оқу кабинетінде ыңғайластырылған асхана жасалды, 20 мектепке жақын орналасқан мектептерден ыстық тамақ тасымалдау ұйымдастырылды. Анықтама үшін: Облыстағы 446 мектептің 410-да (92%) асхана жұмыс істейді. Жалға алған кәсіпкерлер саны - 48. 2020 жылы облыс бойынша 25 мектептің асханалары мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында сенімгерлік басқаруға берілген. Оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру жұмыстары облыстық білім басқармасының тұрақты бақылауында.
- Жолдауда айтылған тағы бір мәселе – «Жайлы мектеп» жобасы. Осыған тоқталып өтсеңіз...
2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9500 орындық 12 мектеп салу жоспарлануда (Байзақ ауданы - 1, Жамбыл ауданы - 1, Қордай ауданы - 3, Меркі ауданы - 1, Шу ауданы - 2, Тараз қаласы - 4). Жоспарға сәйкес 2024 жылы 7 мектеп (Байзақ ауданы - 1, Қордай ауданы - 2, Тараз қаласы - 4), 2025 жылы 5 мектеп (Жамбыл ауданы - 1, Қордай ауданы - 1, Меркі ауданы - 1, Шу ауданы - 2) пайдалануға беріледі. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынатын мектептердің басты ерекшелігі бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға да тиісті жағдайлар жасалмақ. Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазіргі таңда біраз мектептерде таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады деп жоспарлануда . Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалмақ. Жайлы мектептердің құрылысын жүргізудегі тағы бір ерекшелік - құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынатын мектептер қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді деген сенімдеміз. Яғни, бұл мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де айрықша көңіл бөлінетін болады. Атап айтсақ, мектептерде балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр.
- Білім саласында қордаланған мәселе бір күннің әңгімесі емес әрине. Дегенмен дәл қазір өңірімізде кезек күттірмей шешілуі тиіс тағы қандай мәселелер бар?
Бүгінгі күні облыста үш ауысымды 4 мектеп(Меркі ауданындағы №21, №48, Қордай ауданындағы №7, Тараз қаласындағы №3 мектептер), апатты 3 мектеп(Шу ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебінің спорт зал, асхана, мәжіліс зал бөлігі, Мойынқұм ауданындағы 2 мектеп, Мыңарал ауылындағы Қ.Қасымов орта мектебі және Қарабөгет ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектеп), оқушы орнының тапшылығы бар 2 мектеп(Тараз қаласындағы №53, №55 мектептер)тіркелген. Үш ауысымда оқытылатын 4 мектептің мәселесі 2023-2024 жылдары шешілетін болады. 2 мектептің мәселесі қосымша құрылыс есебінен шешілсе, 2 мектептің мәселесі «Жайлы мектеп» құрылысы есебінен шешу жоспарланып отыр. 2023-2025 жылдары апатты 1 мектептің мәселесі қосымша құрылыс, 2 мектептің мәселесі жаңа мектеп құрылыстары есебінен шешіледі. Тараз қаласындағы оқушы орны тапшылығы бар 2 мектептің мәселесі ағымдағы жылы Арай алқабындағы жаңа мектептің құрылысы есебінен шешіледі(Тараз қаласы №53, №55 орта мектептер).
- Саланы жақсарту үшін енді не істеу керек?
Ертеңгі бәсекеге қабілетті тұлға – бүгінгі партада отырған оқушылар. Олар – еліміздің ертеңі, дамыған елдермен иық тіресіп, тереземізді тең ұстап, әлемдік бәсекеде үкілі үмітімізді ақтайтын ұрпақ. Сол ұрпаққа сапалы білім беру – әрбір ұстаздың парызы. Ал, білім беру жүйесі – қай кезеңде болмасын қызығы мен қиындығы мол күрделі сала. Оқушыларға жүйелі білім беріп, білікті азамат етіп шығару ұстаздар тарапынан үлкен ізденіс пен қажырлылықты талап етеді. Білім сапасы педагогтің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Биылғы жылы Халықаралық академик Асқар Жұмаділдаев атындағы және IMPACT /импакт/ ашық шығармашылық байқауларында математика, физика және информатика пәндерінен сабақ беретін 25 педагог жеңімпаз атанып, командалық есепте республикада II орынды иеленді. Сонымен қатар республикалық 4 байқауда 14 ұстаз жеңімпаз болса, халықаралық олимпиадалар мен байқауда 9 ұстаз жүлделі орындарға ие болды. Аталған жетістіктер – облыс мұғалімдерінің шығармашылық әлеуетінің жоғары екендігін тағы дәлелдеп отыр. Жыл сайын облыста білім сапасы жоғарылап келеді. Өткен оқу жылында 12115 түлек мектеп бітірді. 305 түлек «Алтын белгі» төс белгісін алса, 852 түлек мектепті Үздік аттестатпен аяқтады. Оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 67,6%-ды құрады (өткен оқу жылы – 67,1%). ҰБТ-дегі орташа балл 84,4 болды. Өткен жылға қарағанда 1,9 балға жоғары (2022 жылы – 82,5 балл). Тараз қаласы (90,7), Жамбыл (84,5), Шу (82,7) аудандарының мектеп бітірушілері ҰБТ-де жақсы нәтиже көрсетті. Ең жоғары 137 баллды Тараз қаласы «125» жеке меншік мектебінің түлектері Алтынханқызы Назерке, Канапиева Карина иеленсе, 135 баллды облыстық дарынды балаларға арналған лицейдің түлегі Абдрахман Алиби, Т.Рысқұлов ауданы Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейдің түлегі Қали Нұрсұлтан, Шу ауданы С.Сейфуллин атындағы орта мектептің түлегі Молдабай Айым алды. Өткен жылмен салыстырғанда 100-ден жоғары балл алған мектеп бітірушілер үлесі 2022 жылы – 1218 болса, 2023 -1587-ге жетіп, 13,9%-дан 17,4%-ға артты. Ал, шекті деңгейден өтпегендер үлесі 2022 жылы – 509 болса, 2023 – 314-ге дейін төмендеп, 5,8%-дан 3,4%-ға кеміді.
- Қай саланың болмасын ілгері дамуы кадр сапасына тікелей байланысты. Сондықтан адами капиталды дамыту мен жаңашыл басқару үлгісіне де ерекше мән берілетін шығар?
Білім беру жүйесін санға ғана емес, сапаға негіздеу – бүгінгі күннің басты талабы. Балаларға сапалы білім беру үшін ең әуелі саналы тәрбие керек-ақ. «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі…» деп әлемге әйгілі ойшыл Әл–Фараби айтқандай балаға әуелі білімнен бұрын, тәрбие берілуі тиіс. Тәрбие – атаның қанымен, ананың сүтімен, қоғамдық көзқараспен үндесе отырып берілсе құба-құп. Қай салада болмасын ондағы жұмыстың нәтижесі сапамен өлшенеді. Сапалы оқыту және өздігінен оқып білім алуға баулу негізінде ғана оқушылардан парасатты азамат тәрбиелеп шығаруға болады. Білімнің сапалы болуы тікелей мұғалімге, оның білім дәрежесі мен іздену шеберлігіне байланысты. Сапаны көтерудегі ең өзекті мәселелердің бірі – мұғалімдерді даярлау және кәсіби шыңдау мәселесі болып отыр. Жаңа заман мұғалімі «дайын» білім көзі ғана болмай, оқушылардың танымдық іс-әрекетінің ұйымдастырушысы және үйлестіруші бола білуі, білімнің құндылық ретіндегі сипатына терең мән беруі, нәтижеге бағытталған білім беруде жаңа жолдар мен әдістер табуға дағдыланған маман болуы қажет.
- Мейірхан Азатұлы нақты әрі қажетті ақпаратыңызға рақмет!