БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

"БАЛА БОЛАШАҚ МАМАНДЫҚТЫ ТЕК 11-СЫНЫПТА ҒАНА ЕМЕС, КЕМ ДЕГЕНДЕ БІР-ЕКІ ЖЫЛ БҰРЫН ТАҢДАУЫ КЕРЕК" - БАЗАРБАЙ ДҮЙСЕНБАЕВ

"БАЛА БОЛАШАҚ МАМАНДЫҚТЫ ТЕК 11-СЫНЫПТА ҒАНА ЕМЕС, КЕМ ДЕГЕНДЕ БІР-ЕКІ ЖЫЛ БҰРЫН ТАҢДАУЫ КЕРЕК" - БАЗАРБАЙ ДҮЙСЕНБАЕВ
caption
"БАЛА БОЛАШАҚ МАМАНДЫҚТЫ ТЕК 11-СЫНЫПТА ҒАНА ЕМЕС, КЕМ ДЕГЕНДЕ БІР-ЕКІ ЖЫЛ БҰРЫН ТАҢДАУЫ КЕРЕК" - БАЗАРБАЙ ДҮЙСЕНБАЕВ
Танымдық сайттарда, журналдарда сұхбатты көбіне белгілі бір жетістікке жеткен, бүкіл республикаға танымал адамардан алады. Қарапайым адамдар, мамандар әдетте ары кетсе сауалнамаға қатысумен шектеледі, олармен ешкім арнайы сұхбат құрмайды. Біз осы дәстүрді бұзып, Тараз қаласындағы "Дарын" лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Дүйсенбаев Базарбай Рысбайұлымен сұхбат құруға бел будық. Сұхбат құрудағы мақсатымыз мұғалімдерін мұң-мұқтажын шағу емес, оны онсыз да күнде естіп, көріп жүрміз. Біз мұғалімнің өз мамандығы мен қоғамдағы болып жатқан дүниелерге қатысты ойын білгіміз келді.
  • Қайырлы күн, Базарбай мырза! Қазақ тілі және әдебиет пәнін не себепті таңдадыңыз? Өз қалауыңыз ба, әлде ағыммен кеттіңіз ба?
     Жас күнімнен  көркем әдеби шығармаларды  оқуға ынтық болдым. Бала күнде түске шейін мектепте болып, түстен кейін қой бағуға шыққанда қолтығыма бір кітапты қыса кететін ем. Ауылда кітап таңдап оқу деген жоқ. Сонау Алматыдан жаздырып аламын, не бір үйден оқымаған кітап көрсем жалынып сұрап аламын, не бермесе ұрлап алып оқитын ем. М.Мағауин, А.Алтайдың шығармаларын жатқа оқушы ем. Әлі есімде, ауылда азық-түлік дүкенінің сатушысы қыз Бану деген болатын. Дүкенде бос уақытында кітап оқып отыратын.Мен ол кезде 4-5-сынып оқушысымын. Сабақтан қашып, сонық қасына барамын. Ол маған өзі оқып отырған кітаптарын дауыстап оқып беретін.«Ботагөз», «Қалың мал»,«Қамар сұлу» романдарын жылап отырып оқитын. Оның сол бейнесі әлі көз алдымда жатталып қалыпты. Менің әдебиетке құмартуымның екінші бір себебі Наурызбай,  Жақсылық, Сәрсенбай сияқты жыршы, жыраулардың ауылға келіп, той-думанда жыр-дастандарды төгілтіп айтып жататындары, бір ертегі әлемдей көрінетін. Ауданға танымал ақындардың үйіне іздеп барып, өлеңімді көрсетіп,ақыл-кеңестерін алатын ем. Мен үшін  20-30 шақырым жерді жаяу жүріп шаршап-шалдығу түк емес, керісінше соларға жазған дүниемді көрсетідің өзі бір ғанибет еді.
  • Бір сыныпта шамамен 25-30 оқушы отырса, соның кем дегенде он¬шақтысының әдебиетке деген қы¬зығушылығы болатыны анық. Бүгінгі мектеп бағдарламасы сол балалардың әдебиетке деген құштарлығын оята ала ма? Олар қандай шығармаларды оқығысы келеді?
   Мен 8-сыныпқа шейін ауылда оқыдым. Сыныпта 16 оқушы болдық. Алтын,Галия және мен үшеуміз сабақты жарысып оқитынбыз. Алтын сыныптасымның үйінде кітап көп болатын. Ол менен де көп оқитын. Әлі есімде бір күні Алтын сыныптасымның үйі өртеніп, бар дүние-мүлкі түк қалмай өртеніп кеткен. Сонда кітаптарымды алып шығамын деп қою жалынды отқа қарамай жүгіргені көз алдымда.Өрт сөндірушілері әзер тоқтақан болатын. Міне, ол кезде бір кітап қадірін солай ұғатын ек. Менің мұғалім ретінде   көзімнің жеткені мектеп бағдарламасы оқушыны әдебиетке деген қызығушылығын оятпайды, керісінше ұстаз ғана  ынталандырады. Мектеп оқулықтары көлемді хикая, романдарды толық қамтып бере алмайды. Мәселен «Арман ПВ», «Мектеп», «Жазушы»,«Атамұра» баспаларынан шыққан оқулықтар бірі басынан, бірі ориасынан, ені бірі аяғынан жұлып алып хрестоматияларға енгізген. Солай болуы да заңды шығар. Ал сол шығармаларды бала дүниетанымына сай оқуға деген ынта-жігенін ояту мұғалімнің міндеті.
  • Жас мұғалімдерге көңіліңіз тола ма? Олардың білімі мен құлшынысы бар ма?
      Көпке топырақ шашпайын. Мен Қорқыт Ата университетіне оқуға түскенде кураторымыз болған Алдажар Әбілов (ф.ғ.к, доцент) ұстазымыз алғашқы күні-ақ «Сіздер бейне жабайы шөп сияқтысыңыздар. Тәуелсіз мемлекетіміздің оқу-ағарту саласына кім көрінгеннің қолына мандат бере алмаймыз.Біз отап жоқ қыламыз» деген сөзі болашақ жас мұғалім ретінде менің жігерімді қайрады. Жас мұғалім ретінде көптеген тәжірибелі ұстаздардың алдынан тәлім алдым. Мен соларды мақтан етемін. Мен олардың есімін үнемі атап жүремін. Университетте алған білім бір бөлек, мектептегі тәжірибелі ұстаздардың алдын көру бір бөлек дүние. Қазіргі жастарымыз озат ұстаздармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істемейді. Ұстанымы мықты оқушыны тәрбиелеу үшін ұстанымы мықты мұғалім болу керек.Ұстанымы мықты ұстаз болу үшін, тәжірибелі ұстаздардың ақыл-кеңестерімен қарулану керек.
  • Сіз оқушыларға қазақ тілін 20 жыл бойы үйретіп келесіз. Қазақ тілі үйренуде балалар көбіне неден қиналады? Грамматика ма, әріптерді дыбыстау ма, әлде тағы да басқа себеп па?
Мектепте жиырмадан астам пән оқытылады. Олардың мойнында бір міндет болса, қазақ тілінің мойнында сол бүкіл пәннің міндеті жүктелген. Баланың мәнерлеп оқуы, жазу колиграфиясы, сыни ойлауы, мәтінді түсінуі, баяндап беруі — бәрі-бәрі жауапкершілікті жүгі ауыр жұмыс. Оқыту әдістемесінде пәнаралық байланыс деген әдіс бар. Балаға пәндік білім беруде өте тиімді. Мәселен 2000 жылдары ресей оқушылары халықаралық білім сынағынан өте алмай қалды. Ғалымдар мен ұстаздар зерттей келе әр пән білімді сол ғылым төңірегінде шектеп беруі екенін анықтады. Пәнаралық байланыста білім беру, өмірлік дағдыларды меңгерту керектігін дәлелдеп берді. Мұндай сынақтан Қазақстан оқушылары да 2000 жылдың алғашқы он жылдығында сүрінгені белгілі. Қазақ тілін оқытуда ешқандай да кедергі жоқ. Онда ғасырлар бойы жинақталған ата-бабаларымыздың ізгі мұралары сақталған. Тіл — ұлттың жаны.Онда ұлттың рухы сақталған. Тілді оқымау, тілді ұжым боп оқытпау — ұлт рухын аяққа таптау деген сөз.
 
  • ҰБТ-ға дайындық қазақ тілі мен әдебиет пәнін шынайы меңгеруге кедергі ма? Көп жағдайда тестке дайындалатын бала жаттап жатады? Жалпы, сіздің ойыңызша баланың қазақ тілі және әдебиеті бойынаша білімін тест арқылы анықтау дұрыс па? Не себепті олай ойлайсыз?
    Бала болашақ мамандықты тек 11-сыныпта ғана емес, кем дегенде бір-екі жыл бұрын таңдауы керек. Оқушылардың көбі 11-сыныпта болашақ мамандықтарын таңдап, мемлекеттің көмегі, грантты жеңіп алуды ғана мақсат тұтады. Грантты жеңіп алу бір бөлек, ал оны әрі қарай оқу бөлек мәселе. Оқушылар осы тұста қиналады. ҰБТ сұрақтары тек оқу пәндері шеңберінде ғана келеді.Пәннен тыс бірде бір сұрақ жоқ. Бала 9-сыныптан бастап болашақ мамандықтарына қажетті пәндерді терең ізденіп оқитын болса, ҰБТ-ға дайындық деген мәселенің туындауы мүмкін емес. Жалпы «ҰБТ-ға дайындық» деген қоғамда мәселе болмауы керек. Бала мектепте пәнде жақсы оқыса, ата-аналар қадағалап, қолдау көрсетсе,  бұл мәселе орта білім саласында болмас еді. Міне, осы мәселенің арқасында оқушыларды ақылы оқытатын жеке оқу орындаоына жол ашылды. Жеке оқу орындарының көптеп ашылуы бізді ойландыруы керек. ҰБТ-ға дайындық оқушыларға білім бермейді. Қоғам мұның зардабын таяу жылдарда көретін болады.
  • Тәуелсіздікке дейінгі білім беру мен қазіргі оқыту жүйесінің айырмашылығы бар ма? Сол кездегі мен бүгінгі оқушылардың білімге деген ынтасы қандай?
    Әрине бар. Кеңестік білім беруде, оның ішінде жаратылыстану пәндерін оқытуда бірде бір мемлекет алдына түскен емес. Керісінше, гуманитарлық пәндер мүлдем теріс бағытта оқытылды. Біздің Кеңестік білім  білім беру жүйесінен бас тартуымыз тарихи формацияға байланысты.Тәрбие жүйесі өзгерді. Ал қазіргі білім беру жүйесінің жақсы тұстары көп. Орта білім беру жүйесін әлем әлі қайта қарау үстінде.
  • Дарынды балалардың арнайы мектептерде оқытылуын қолдайсыз ба? Жалпы, қабілеттері жоғары балаларды бір жерге топтастырып, қабілеті төмендеу балаларды екінші жерге жинау дұрыс деп ойлайсыз ба?
    «Дарынды» балаларды іріктеп оқыту — ертеден бар дәстүр. Көне грек елдерінен шыққан Эмпедокл, Эпименид, Юлий Цезер, Хилон, Фалес, Пифагор, Әл-Фарабилар... де дарынды балалар іріктелген ортада оқып, танылған.«Дарынды балаларға қолдау керек, дарынсыздар онсыз да жолын тауып алады» деген данышпандардан қалған сөз бар.
  • Өзіңізден түлеп ұшқан шәкірттеріңіздің ішінде үмітіңізді ақтап, елдің дамуына үлес қосып жүрген танымал тұлғалар көп болар.
Шүкір. Республикалық «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігінің жетекшісі Арман Әубәкір қазір докторлық диссертациясын қорғау үстінде. Есқара Жомарт «Jambyl» телеарнасында, Құрмаш Жанель қызым жоғарғы оқу орнында қазақ тілі мен әдебиетін қызыл дипломға бітіріп,  Түркі елінде оқуын жалғастыруда. Бірнеше оқушыларым республиканың түкпір-түкпірінде мұғалімдік қызметте. 
  • Педагогикалық ұстанымыңыз бар ма?
Бір кездері мен түсімде «Жанған шырақ — шашқан ақыл жан-жағына...» деп жазыппын.«Жанған шырақ» дегенім  — ұстаздар. Ал  «шашқан ақыл жан-жағына» дегенім — ізгілікті ісі. Менің ұстанымым — осы
  • XXI ғасырдың заманауи ұстазының бейнесі қандай болуы тиіс?
           Жаһандану заманында, әсіресе білім беру жүйесіндегі жаңа  өзгерістер мен  толықтырулар енгізудің әдістемелері дәуірінде ұстаздың  мақсат-міндеттері — қашанда жауапты іс. Ұлтың ояну дәуіріне баға беруде олардың көзқарастары мен ұсыныстары өзекті болып қала бермек.
  • Cұхбат бергеніңізге рақмет. Абыройыңыз артып, мәртебеңіз өсе берсін!
BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар