Біз күнделікті БАҚ беттерінен әлем елдерінде орын алып жатқан жер сілкіністері, су тасқындары, құрғақшылықтар салдарынан адамдардың өлім-жітімі, қалалар мен кәсіпорындардың қирауы, сондай-ақ қоршаған ортаның ластануы әсерінен табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылуына әкеп соғатын басқа да апаттар жайлы хабар алып жатамыз. Осындай табиғи зілзалалар мен тілсіз апаттар адамзат өміріне үлкен қауіп төндіреді. Статистикалық мәліметтерге сүйетін болсақ, адамдардың қайғылы жағдайлардан қаза болуы жүрек-қантамыры және онкологиялық аурулардан кейін үшінші орынды алып тұр.
«Апат айтып келмейді», дейді дана халқымыз. Үш ақ ауыз сөз болғанымен, бұның мәні — адамзат ғұмырына тығыз байланысты.
Өмір әр түрлі қауіпті әрі апатты жағдайларға толы болғандықтан, олардан сақтану және алдын алу шаралары — күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелер сапында ылғи да тұрады. Бұл ретте төтенше жағдайлар бөлімдеріне артылған жауапкершілік те жоғары. Бұл саланы таңдаған азаматтар өз істеріне тиянақтылықпен қарап, әрдайым кезіккен қауіптің жолын бөгеуге белді бекем буады.
Сөзімізге дәлел, күні кеше Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институның жатақханасында қауіпті алдын-алу мақсатында түнгі мезгілдегі арнайы тактикалық оқу жаттығуын өткізді. Іс-шара барысында, біз, ыңғайлы сәтті пайдаланып Тараз қаласы ТЖБ аға офицері, капитан Данияр Келістен өңіріміздің төтенше жағдайларға дайындығы тақырыбы аясында бірнеше сауалымызды қойып, сұхбат алдық.
-Данияр мырза, бүгінгі іс-шара туралы толық ақпарат беріп өтсеңіз?
Атам қазақта «Сақтансаң - сақтаймын» деген даналық сөз бар. Бүгінгі күнде кенеттен келер түрлі апаттың алдын алу үшін елді хабарландыру мақсатында еліміздің арнайы мамандары түрлі жұмыстарды атқарып, сапалы әрі жоғары деңгейде қызмет өтеу жолдарын іздеуде. Түрлі-түрлі сақтық жолдары мен бейне ескертулер арқылы жұрт сауатын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, бүгін төтеншеліктер Тараз қаласы әкімінің орынбасарымен бекітілген «2024 жылға арналған Жамбыл облысының аумағындағы азаматтық қорғау саласында оқу-жаттығулар мен машықтануларды өткізу жоспарына» сәйкес «Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының» студенттер жатақханасында түнгі мезгілдегі арнайы тактикалық оқу-жаттығуын өткізді. Аталған оқу-жаттығу «Жер сілкінісі кезіндегі алғашқы іс-қимылдар» және «Өрт қауіпсіздігі» тақырыптары бойынша жүргізілді. Жаттығу барысында студенттерге өрт, жер сілкінісі қаупі төнген жағдайда адамдарды жедел құтқару операциясы көрсетілді. 18.04.2024 сағат 20:30-да дабыл қағылып, студенттер белгіленген уақытта ғимараттан шығарылды. Мамандар төтенше жағдай кезінде ғимаратта қалып қойған адамдарды сыртқа алып шығу жолдары мен алғашқы медициналық көмек түрлерін көрсетті.
Жастарға өрт, жер сілкінісі жағдайында өздерін қалай ұстау керектігі, қауіпсіздік ережелері, қайда хабарласу керегі турасында толық ақпарат берілді.
- Жер сілкінісі кезіндегі негізгі қадамдар қандай? Оқырмандарға түсіндіріп өтіңізші.
Жамбыл облысы аумағы сейсмикалық қауіпті аумақта орналасқаны бәрімізге белгілі. Біздің аумақта жер сілкінісінің қауіпі 2 балдан 8 балға дейін жету қауіпі бар. Осыған орай біз халықтан сұранатынымыз бірінші кезекте үрейге берілмеу, одан кейін егер далаға шығуға оңай болатын болса тез арада ғимарат ішінен шығу. Ал егер де Сіз 2-ші немесе одан да жоғары қабатта орналасқан болсаңыз онда бөлмеден қауіпсіз орынды іздеп табу, яғни бөлменің бұрышына немесе столдардың астына және есіктердің астына тұру. Ешқашанда терезенің, стеллаж, шкафтардың және бөлменің ортасында тұмаңыздар. Бұл аталған жерлер қауіпті болып саналады. Және де жер сілкінісі кезінде қатаң түрде лифт қолдануға тыйым салынады, теқ қана баспалдақпен түсу қажет.
- Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алдын алу бойынша бұдан өзге қандай жұмыстар атқарылуда?
- Апта сайын Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлерімен қала аумағындағы тұрғын үйлерде үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жұмыстар үнемі жүргізілуде. Аталған жұмыстарға үнемі бізбен бірге газ қызметкерлері мен волонтерлар шығады.
- Сіздің ойыңызша қала тұрғындары айтып келмейтін апаттарға қаншалықты дайын?
- Өздеріңізге белгілі, осыдан 1 жыл бұрын туыс ел – Түркияның жері тулап, елінің басына үлкен ауыртпалық түсті. Бейқам жатқан бауырларымызда кісі шығыны да аз емес. Тәуелсіздігімізді тұңғыш мойындап, атажұрттағы қарашаңырақ иесі – қазақ халқымен қатар қуанған түрік туғанымызға Қазақ елі бауырластық қолын созып, шама-шарқынша көмек керуенін де аттандырып жіберді. Жаманаттың жаһанға жар салып келмесі анық. Дүниенің қай тұсын түртіп қалмаңыз, басына төтеннен табиғи қауіп төніп тұрмаған мемлекет жоқтың қасы. Заманынан көш ілгері озды деген алып елдердің техникасы да, экономикасы мен саясаты да алғы шепке шыққанымен, өзі еміп отырған Табиғат-Ананың алдында дәрменсіз. «Еліміз де, жеріміз де тыныш болса екен», деп көппен бірге тілеп отырған жай біздің де баста бар. Енді тұрғындар арасында 100% дайын болу деп айтуға болмайды, алайда дайындық деңгейін үнемі көтеріп отыру қажет. Сол себепті біздің тараптан осындай оқу-жаттығулар және сабақтар ұйымдастырылады.
- Өңірімізде биыл жыл басынан бастап орын алған төтенше жағдайлардың саны қанша?
- Жыл басынан бері қала аумағында 60 қа жуық өрт оқиғасы орын алды. Оның басым бөлігі тұрмыстағы қарапайым өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан орын алған.
-Қазір ел аумағының басым бөлігі су тасқынымен күресіп жатқаны белгілі, біздің аймақтан зардап шеккен облыстарға қандай көмек көрсетіліп жатыр? Толығырақ айтып берсеңіз. Және біздің өңірде су тасқыны қаупі бар ма? Оған дайындығымыз қандай?
- Табиғат апатына тап болып, су астында қалған ағайынның мұң-зары жаныңа батпай қоймайды. Еліміздің батыс өңірі, шығыс пен орталық аймақтары қар құрсауынан шыға алмай, көктем түгілі, қара жерді табанымен басуға зар болып, көк шөп пен бәйшешектің гүлдегенін көрудің өзі арманға айналған. Соңғы күндердегі жаңалықтардың арасында су басып жатқан өңірлердің аянышты күйі мен жиған-терген дүниесі мен мал-мүлкі топан суға кеткен қараша халықтың мүшкіл хәлінен көзің сүрінеді. Тірнектегенін баспанаға жамап, жылдап салған үйлерінің ағын судың кесірінен үйіндіге айналғанын айтып ашынған халықтың зар мен мұңға толған жан дауысы қабырғаңды қайыстырады.Жамбыл облысы ТЖД тарапынан қазіргі уақытта су басқан елді мекендерде төтенше жағдайларды жою үшін 57 адам жеке құраммен 7 дана техника және 13 мотопомпа жіберілді. Қазіргі уақытта аталған күш құралдар Ақмола облысындағы су басқан елді мекендерде жұмыс жүргізіп жатыр.
-Сұхбатыңызға рахмет, ісіңізге сәттілік тілеймін!