БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Цифрлы қоғам заман қажеттілігі

Цифрлы қоғам заман қажеттілігі
abai.kz
Адамзат дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Цифрлы һәм диджитал дәуір жаһандық өркениеттің өрістеуіне тың серпін беруде. Цифрлық трансформация әлемдік экономиканың сан саласы мен өнеркәсіпті оңтайландыруға, инфрақұрылым мен мемлекетаралық қатынастарды ілгерілетуге түбегейлі өзгерістер әкелуде. Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект өнімдері күнделікті тіршілігімізге дендеп еніп, уақытты ұтымды пайдалануымызға да елеулі үлесін қосуда. Заманауи технологияларды кәдеге жарату өңірімізде қалай жүзеге асырылуда?
Сәт сайын жаңарып, түрленген технология дәуірі қазақ қоғамына да түрен салды. Төрткүл дүниенің бір бөлшегі ретінде Қазақстан да жарық жылдамдығымен дамыған ғылыми-технологиялық прогресті айқын сезініп жатыр.

 Бүгінгі таңда облысымызда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын өнеркәсіп кәсіпорындарында өндіріске енгізу жұмыстары табысты жүзеге асырылуда.

     Ең әуелі оқырманға түсінікті болу үшін «Цифрлы Қазақстан» жобас деген не? Жалпы бұл бағдарлама бізге не береді деген сан сауалға жауап іздеп көрейік. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының 4 негізгі бағыты бар. Бірінші – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік жəне логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы жəне электронды сауда) цифрлы технологияны енгізу. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру. Төртінші – IT мамандарды даярлау. Сондай – ақ, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мақсаттары орта мерзімді перспективада Қазақстан Республикасы экономикасының даму қарқынын жеделдету және цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанның экономикасын болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму траекториясына көшіруге жағдай жасау болып табылады.

    Аталған жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында. Ел Президенті цифрландыру дегеніміз бір ғана саланы немесе бір бағытты дамыту емес екеніне тоқталып, оның ең алдымен, экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгерістер әкелуі қажеттігін баса айтқан болатын.

  – Мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық технологияны қолдану – бүкіл бағдарламаның табысты болуының басты кілті. Бұл істе түбегейлі өзгерістер қажет. Барлық құжат айналымын толықтай электронды форматқа көшіру керек. Қазіргі кезде талап ететіндей, құжаттарды қағаз жүзінде де, электронды түрде де дайындап, тапсыру дұрыс емес. Құжаттардың қағаз нұсқаларына біртіндеп тыйым салынуы керек, – деген мемлекет басшысы тағы бір өзекті мәселе ретінде өңірлерді цифрландыру жағдайын айтты. Бұл жұмыста алға жылжу болғанмен, әр аймақта және барлық салада біркелкі іске аспай жатқанын жеткізді.

    Бұл бағытта Әулиеата аумағында атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Айталық, өңірде 2025 жылға дейін 74 елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету жоспарлануда.  Бүгінгі таңда облыста 367 ауылдық елді мекеннің 150-і жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілген. Облыстағы барлық 371 елді мекеннің 72-і – 2G, 140-ы – 3G төмен жылдамдықты мобильді интернетімен қамтылған. Қалған елді мекенге келер жылға дейін ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету бойынша әзірленген Жол картасыне сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тарапынан «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыру жоспарлануда, аталған жобаға өңірде  119 елді мекен ұсынылған екен.

    Жалпы Жамбыл облысы халқының 60 пайызға жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Осыған байланысты біраз жыл бұрын өңірде Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен «Жамбыл облысының инсвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» КММ ұйытқы болуымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан орталықтары мен ауылдық округтерде цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашыылған болатын. Атап айтар болсақ, Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Бродкастинг» залы, ал «Коворкинг» орталықтары Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында, Жуалы аудандық орталық кітапхана, Жамбыл ауданы Айша бибі ауылдық кітапхана, Меркі аудандық орталық кітапхана, Талас аудандық орталық кітапхана және Тараз қалалық Абай атындағы орталықтандырылған кітапханада оқырмандарға қызмет етуде. 

     Айта кетейік, әрбір орталық компьютермен және интернет желісімен жабдықталған. Яғни, орталық мамандары тұрғындарға Еgov.kz электрондық үкіметі арқылы қажетті құжаттарын рәсімдеп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысты кеңес беретін болады. Сонымен қатар, жыл соңына қарай несие, тұқым алуға, сонымен қатар, ұл-қызын ЖОО, колледжге, түсіру үшін қандай құжаттар жіберу керектігі жайлы да ақпарат бере алады. Бұл алыс ауылдардағы ағайын аудан орталығына барып, уақыт жоғалтпайды деген сөз. Сондай-ақ, цифрландырылған орталықта жұмыс істейтін (кітапханашы) маманның біліктілігін арттыру мақсатында «Жамбыл облысының инсвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» КММ-де түрлі оқыту семинарлары өтеді. Біліктілігін жетілдірген қызметкер облыстық басқарма мамандары мен бірлесіп, өзі жұмыс жасайтын ауданда немесе ауылда тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұған қоса, «Телеграмм» әлеуметтік желісінде арнайы парақша ашылып, цифрландырылған ақпараттық орталықтың барлық жұмысшылары және облыстық басқармалардың бір-бір өкілдері қосылады. Ондағы мақсат – егер, маман сан түрлі салаға қатысты қойылған сұраққа жауап бере алмайтындай болып жатса, «Телеграмда» ашылған чатқа жазып, тез арада қажетті ақпарды бере алады.

    Сонымен бірге облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековтың айтуынша, бұл бағдарламаны жүзеге асыру аймақта бес бағытта жүргізілуде. Атап айтсақ, экономика салаларын цифрландыру, цифрлық мемлекетке көшу, цифрлық Жібек жолын іске асыру, адами капиталды дамыту және инновациялық экожүйені құру.

– Соңғы жылдары цифрлы трансформация дәуірі қарқынды дамып келеді. Көптеген ұйымдар бүгінде дәстүрлі бизнес үлгілерінің өзгеруін бастан өткеріп, цифрлы технологиялар көмегімен бәсекеге қабілетті болуға талпынуда. Мамандар өңдеу өнеркәсібін толық автоматтандыруға арналған заманауи технологияларды және жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданатын озық цифрлы инновациялық шешімдерді қолдану арқылы өндірістегі табысты арттырып, шығынды азайтуға мүмкіндік мол екенін айтады. Осы орайда облысымыздағы өнеркәсіп кәсіпорындарында өндіріске цифрлық технологияларды енгізу бойынша бірқатар жобалар жүзеге асып жатыр. Бүгінде Тараз қаласы мен Жамбыл, Шу, Сарысу, Мойынқұм мен Талас аудандарында орналасқан үлкенді- кішілі зауыттар қазірдің өзінде өндіріске цифрлық технологияларды енгізген. Жалпы, соңғы жылдары, цифрлық технологиялар енгізу бағытында жұмыс атқарып жатқан кәсіпорындардың қатары артып келеді, – дейді басқарма басшысы.

      Бәрімізге мәлім аталған жобаға алғашқылардың бірі болып білім беру ұйымдары білек сыбана кірісті. Аз уақыт ішінде нақты жоспарлар түзіліп, оқу орындары цифрландыру үрдісін ұрпақ тәрбиесінде, маман даярлау ісінде кеңінен кәдеге жарата бастады. Олардың қатарында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті де бар. Қазіргі таңда оңтүстік өңірдегі ең ірі ғылым мен білім ордасы саналатын оқу орнында «Цифрлы университет» жобасы бойынша жұмыстар арнайы түзілген тұжырымдамаға сай жүргізілуде. Шынында да әлемдік озық тәжірибеге негіздел­ген «Цифрлы университет» жобасының маман даярлау, ғылымды дамыту ісінде берері мол болатын түрі бар. Ең бастысы, жоба шеңберінде оқу үрдісі толығымен автоматтандырылып, студенттердің жеке ізденісіне көп уақыт беріледі. Ең әуелі «Цифрлы университет» оқытушылары студенттеріне тапсырманы смартфондарға арналған арнайы бағдарламалық қосымша арқылы береді. Ал, смартфонына ұстаздың тапсырмасы туралы хабарлама түскен студент өз жұмысын аяқтаған соң оны оқытушыға бағдарламалық қосымша арқылы кері жібереді. Тапсырмалардан бөлек, студенттердің смартфондарына университетте таяу арада өткізілетін іс-шаралар, оқу үрдісіндегі соңғы жаңалықтар мен хабарландырулар жолданып отырады.

    Бүгінде педагогикалық білім беру жүйесін  әлемдік деңгейде  жаңғыртуда қашықтықтан білім беру жағдайында болашақ педагогтердің цифрлы-креативті құзыреттіліктерін қалыптастырудың әдіснамалық, технологиялық және әдістемелік аспектілерін айқындау қажеттілігі туындауда. Осы мақсатта Тараз өңірлік университеті мен Ресейдің Шадринск мемлекеттік педагогикалық университеті өзара ынтымақтастық туралы келісім шарт жасаған болатын.

     Сонымен қатар ағымдағы жылы жылы 15 наурызда Тараз өңірлік университетінде «Цифрлық білім беру ортасы: мәселелері, болашағы және байланыс шектері» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның басты мақсаты – цифрлық білім беру ортасында шет тілдерін оқытудың теориялық және қолданбалы аспектілерін тереңдете меңгеру. Конференция барысында Дулати университетінде Корея Республикасы Елшілігі жанындағы білім беру орталығы арасындағы меморандум негізінде келген Ли Сан Су шет тілі сабақтарында сөйлеу мен жазуға назар аудара отырып, тіл алмасу қолданбаларын қалай пайдалануға болатындығы жайында баяндама жасады. Осыған орай Кітапханалық-ақпараттық орталық «Цифрлық білім беру ортасы» атты тақырыпта кітап көрмесін ұйымдастырды. Кітап көрмесі таныстырылып, семинарға қатысушылар арасында қызығушылық танытқан болатын.

    Конференция барысында Дулати университетінде Корея Республикасы Елшілігі жанындағы білім беру орталығы арасындағы меморандум негізінде келген Ли Сан Су шет тілі сабақтарында сөйлеу мен жазуға назар аудара отырып, тіл алмасу қолданбаларын қалай пайдалануға болатындығы жайында баяндама жасады. Сондай-ақ И.Раззақов атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің аға оқытушысы, магистранты Гүлдастан Исмайлова онлайн байланысқа шығып, бейнематериалдарды информатикада шет тілін оқытуда оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін дамыту құралы ретінде пайдалану туралы айтып берді. Сонымен қатар өзге өңірдің ЖОО профессорлары мен оқытушылары конференцияға қатысушы студенттер мен оқытушыларға негізгі тақырып бойынша дәріс оқыды.

      Шыныменде күнделікті өмірімізге дендеп енген жаңа технологияны жатсынбай, оны халықтың тұрмысын оңалтуға пайдалану құптарлық жайт. Әрі қоғамды цифрландырудағы әлемдік тәжірибе бұл бастаманың нәтижелі болатындығын аңғартады. Осы орайда, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын облыста іске асырудың ғылыми-тәжірибелік алаңына айналуға ниет білдірген М.Х. Дулати Тараз мемлекеттік университеті ұжымымен жасалған жұмыстың жүйелілігін атап өтпеске болмайды. Әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы жоспарланған міндеттер де профессор-оқытушылар құрамынан жоғары кәсіби біліктілікті қажет етеді. Ең бастысы, «Цифрлы университет» деп танылған оқу ордасынан таяу арада тәжірибесі толысқан, қабілетті ақпараттық технология саласының мамандары түлеп ұшпақ.

    Қазірдің өзінде тек білім саласы емес, барлық нарықтық құрылымдар онлайн режимге көшкен. Соңғы жылдары қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі де бірнеше есеге өскен. Мәселен, республика бойынша 2019 жылдың толық жылындағы көрсеткіштерден 43 пайызға, ал 2018 жылдың толық жылындағы көрсеткіштерден 28 есеге артқан. Интернет пен ұялы телефон арқылы жасалған онлайн төлемдер қолма- қол ақшасыз төлемдердің 84,2 пайызын құраған. Nasdaq мәліметтері бойынша, 2040 жылға қарай барлық сатып алулардың 95 пайызы онлайн режимде жүзеге асырылады.

     Елімізде қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің ұлғаюымен қатар, электрондық коммерцияның көрсеткіштері де өсуде. Егер 2018-2019 жылдары электронды сауда үлесі тиісінше 2,9 және 3,8 пайызды құраса, былтыр бұл көрсеткіш 4 есеге дейін өскен. Сонымен қатар, тауарлар мен қызметтерді онлайн сатып алған интернет пайдаланушылардың үлесі бүгінде 20 пайызға дейін артқан.

     Жалпы сифрландыру өте қымбат процесс. Сарапшылардың пікірінше, технологиялық қайта жарақтандыруға байланысты ең төменгі шығын 5 миллион долларға бағаланады және оны Қазақстанның барлық кәсіпорындары көтере алмайды екен. Дегенмен, цифрлық экономиканы нығайту ұлттық экономиканың өсуіне ықпал ететінін ескерсек, Қазақстан мемлекеті, кәсіпорындары оны дамыту үшін ішкі және сыртқы ресурстарды табуы қажет. Өйткені, кез келген технологиялық серпіліс жоғары білікті жұмыс күшін қажет етеді. Жалпы, цифрландырудың дамуымен және карантиндік шараларға байланысты онлайн форматқа жаппай көшу – электрондық сауданың дамуына да жол ашты. Қолдағы смарт телефон арқылы-ақ қазір онлайн сауданы жүргізіп, табыс табуға мүмкіндік мол. Әр дәуірдің өз талап-тілегі бар. Жаһандану дәуірі есік қаққалы жұрт жаңа технологияның тілін меңгеруге көшкен. Заманның көшінен қалмау – уақыт талабы. Осы тұрғыда қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы технологиялық тұрғыда дамуға қол жеткізеді. 

 редактор Қымбат Шәріп 

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар