БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Сақтанбасаң, өрттен келер қауіп көп

Сақтанбасаң, өрттен келер қауіп көп
ашық дереккөз
Өрттің қоғамдық орындарда орын алуы көп жағдайда қайғылы оқиғалармен аяқталады. Сондықтан адамдар көп шоғырланатын жерде, яғни сауда объектілерінде өрт оқиғаларының алдын алу үшін өрт қауіпсіздігі талаптарын еске салып өткенді жөн көрдік.

Қазір сауда орталықтары үлкен қалаларда ғана емес, шағын аудандарда, тіпті ауылдық жерлерде де бар. Сондықтан өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтау, ең алдымен, сауда орындары басшылығының міндетіне кіреді. Басшылық тарапынан өрт қауіпсіздігіне жауапты адам бұйрықпен бекітіліп, ол төтенше жағдай орын алған кезде қалай әрекет етуі керектігі жөнінде нұсқаулықты білуі міндеттеледі. Көбіне сауда орындарына бір мезгілде адамдар көп жиналатындықтан онда міндетті түрде өртке қарсы қауіпсіздік қатаң сақталуы тиіс.
Ең әуелі, адамдарды сыртқа шығаруды қамтамасыз ету үшін бірнеше тысқа шығу есігінің болуы және ол есіктер үнемі ашық тұруы қажет. Өрт сөндіргіш құралдарының қолжетімді әрі көпшілікке көрінетін жерде дайын тұруы шарт. Негізінен сауда орталықтарында өрт қауіпсіздігі автоматты жүйеге қосылып, дабылды сигналдардың ақаусыз жұмыс істеуі тиіс. Сонымен қатар жыл сайын жергілікті әкімшілікпен бірлескен жоспарға сәйкес оқу-жаттығу өтіп, сауда орындары қызметкерлерінің шұғыл әрекет етуі, дайындығы пысықталуы керек.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау тілсіз жаудан келетін қауіптің алдын алып, материалдық және адам шығынын болдырмауға мүмкіндік береді. Сондықтан қала аумағындағы барлық сауда орындары төмендегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ережесін сақтауын ескертеміз.
Сауда залдары мен эвакуациялау жолдарында жанғыш материалдарды, қалдықтарды, орамалар мен контейнерлердi уақытша сақтауға, сонымен қатар жанғыш ыдыстарды ғимарат терезелерiнің сыртқы және ішкі жағына жапсарлас орналастыруға болмайды. Терезелері немесе түтiн шығарылатын шахтасы жоқ жайларда жанғыш орамаларда тауарларды сақтауға болмайды. Жанғыш тауарлар мен тез тұтанғыш орамадағы тауарлар қоймалары сыртқы қабырғалардың жанында орналастырылады.
Сауда орындарында, сатып алушылар жүрген сауда залдарында отты пайдалану арқылы жүргізілетін жұмыстарды жүргiзуге, сауда залдарында ауа шарларын толтыратын немесе басқа да мақсатта жанғыш газдары бар баллондарды орнатуға, баспалдақ торлары алаңдарында, тамбурлерде және басқа да эвакуация жолдарында сауда, ойын аппараттарын, банкоматтарды, терминалдарды орналастыруға және тауарлар сатуға, эвакуация жолдарында сауда, ойын аппараттарын және құрал-жабдықтарды орналастыруға, сондай-ақ тауарлар сатуға тиым салынады.
Мәселен, сауда қатарларының жабындылары жанбайтын материалдардан жасалуы қадағаланса, сауда қатарлары арасындағы өтетін ашық жолдары матамен, қағазбен тағы да басқа жанғыш материалмен жабуға болмайды. 
Сауда ойын-сауық орталықтарында балаларға арналған алаңдарды цокольді немесе жертөле қабатында орналастыруға болмайды. Өміріңізге, жақындарыңызға қауіп әкелетін өрттен сақтанудың ең негізгі жолы – оның алдын алу және қауіпсіздік ережесін қатаң сақтау екенін ұмытпаңыз!

Бақытжан ӨТЕШОВ, 
Тараз қалалық төтенше жағдайлар
басқармасының бас маманы

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар