Жамбылдағы IT-бум: жергілікті жас стартаптар байқауы өтті
- author BAQ-Orda
- 31 мамыр, 2024
- 146
Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Zhambyl Idea Battle 2024» байқауының жартылай финалы басталды. Онда өңірдегі жоғары сынып оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері IT саласындағы стартап жобаларын ұсынуға мүмкіндік алды.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Zhambyl Idea Battle 2024» байқауының жартылай финалы басталды. Онда өңірдегі жоғары сынып оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері IT саласындағы стартап жобаларын ұсынуға мүмкіндік алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке 2026 жылға қарай ІТ-қызметтерінің экспортын 1 миллиард АҚШ долларына жеткізу міндетін қойған болатын. Бұл сала мамандарына сұраныс артады деген сөз. Стартап жобалар өзгермелі жағдайларға тез бейімделу және соңғы технологияларды енгізу мүмкіндіктерімен бағаланады. Олардың икемділігі нарық пен тұтынушылардың қажеттіліктеріне жылдам жауап беруге мүмкіндік береді. Бұл жаһандану мен цифрландыру жағдайында айрықша маңызды. Бұл ретте Халықаралық Тараз инновациялық институты жас стартаперлерге жаңа жобаларды қорғау үшін алаң ұсынып келеді.
– Біздің университет IT бағытындағы тың идеяларды насихаттайды. Университетте ақпараттық технологиялардың білім беру кластері құрылды. Институтта академия жұмыс істейді, онда студенттер өзге машықтармен қатар ұшқышсыз ұшақтарды басқару сынды жаңа қабілеттерді игереді. Олар алған білімдерін еңбек нарығында қолдана алады және сұранысқа ие мамандар қатарын толықтырады. Сонымен қатар, CISCO және Huawei сияқты әлемдік көшбасшылармен келісіміміз бар. Сондықтан бұл байқаудың маңызы зор. Тәуелсіз қазылар алқасының құрамына Алматы, Шымкент және Тараз қалаларының кәсіпкерлері кірді, – деді университет ректоры Марат Баяндин.
Табысты IT-стартаптар студенттердің жұмысқа орналасып кетуіне кепілдік береді, инвестиция тартады және аралас салалардың дамуына үлес қосады. Іс-шара барысында қатысушылар ұсынған бастамаларға халықаралық Astana Hub IT технопаркінің аймақтағы өкілдігі Жамбыл HUB қолдау көрсетеді.
– Стартаптар байқауы Қазақстанның барлық аймақтарында өтеді. Ал, біздің Idea шайқасы үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – ішкі инкубация. Бұл бөлімдегі семинарлар төрт күнге созылды. Содан кейін біз таңдаған 30 команда дайындықтан өтіп, жартылай финалға қатысуға рұқсат алады. Бұл стартап сайысы болғандықтан, әртүрлі саладағы білім мен дағдыларды қажет етеді. Мысалы, қаржылық сауаттылық бойынша жобалармен, туризмді дамыту бойынша идеялармен, медициналық мәселелермен айналысатын үш команда бар. Әр жобаның өзіндік ерекшелігі бар», – дейді Жамбыл облысы бойынша Astana Hub халықаралық IT технологиялар паркінің аймақтық менеджері Әйгерім Наурызбекова.
Сайыс барысында командалар өз жобаларын ұсынуға және қазылар алқасының сұрақтарына мінсіз жауап беруге барынша тырысты.
– Біз бұрыннан таныс музыкалық өнімдерге жаңа функцияларды енгізу үшін «Music Meld» деп аталатын жобаға жасанды интеллект функциясын қосамыз. Тыңдаушылар альбом жасап, сүйікті орындаушылардың тректерін қоса алады. Орындаушылар әндерін жүктей алады, ал продюсерлер қалаған әндерін таңдап, орындаушымен келісім-шартқа отыра алады, – дейді Тараз өңірлік университетінің 2 курс студенті Тайыр Азизханов.
Ал, Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің FXT командасы табиғатты қорғауға бағытталған стартапты дамытуды қолға алды.
– Біз ақылды қоқыс жәшіктерінің прототипін жасадық. Адам контейнерге қоқыс тастаған сәтте, жүйе деректерді оқып, қоқыс түрін анықтайды. Бұл үшін арнайы мобильді қосымшаның прототипі әзірленді. Оның көмегімен адамдар «ақылды қоқыс контейнерлері» арқылы қалдықтарды қайта өңдеу үшін өздеріне бонус ала алады. Ал, жиналған ұпайларды қаламыздағы ірі супермаркеттерде жеңілдіктерге айырбастауға болады, – дейді Кеңес Ахай.
Сондай-ақ, Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы «Агроботика» деп аталатын жоба ұсынып, шаруалардың жұмысын жеңілдетпек.
– Біздің стартап аграрлық секторда қолданылатын инновациялық технологияларды автономды басқаруды және бақылауды көздейді. Бұл жүйе жасанды интеллектті дрондар мен метеостанцияларды пайдалану процесіне біріктіруді көздейді. Бұл жүйені пайдаланушы нақты уақыт режимінде қажетті ақпарат ала алады. Біз әзірлеген платформаның арқасында фермерлер үйде немесе кеңседе отырып-ақ деректерді алу мүмкіндігіне ие болды», – дейді 11 сынып оқушысы Арсен Анарбек.
Бұл назар аударуға тұрарлық жобалардың оннан бір бөлігі ғана. Қазылар алқасының алдында ең тиімді әрі болашағы бар жобаларды таңдау міндеті тұр. 23 мамырда өтетін ақтық сайысқа 10 стартап қана жолдама ала алады. Жүлде қоры 500 мың теңге. Жеңімпаз команда 250 мың теңгенің сертификатына ие болады. Екінші және үшінші орындарға берілетін сыйақы сәйкесінше 150 мың және 100 мың теңгені құрайды.