БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Суға шомылу маусымы: қауіп пен қатер

Суға шомылу маусымы: қауіп пен қатер
ашық дереккөз
Қазіргі уақытта Жамбыл облысының су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр. Жыл басынан бері өңір су айдындарында 4 адамның суға бату оқиғасы тіркелген. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен кезекті брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Думан Кудешов айтып берді.

Жамбыл облысы аумағында қолжетімді және шомылуға жарамды 117-ден астам су айдыны бар. Статистика көрсеткендей, суға тұншығумен байланысты оқыс оқиғалар көп жағдайда адамның өз кінәсінен, өз күштері мен мүмкіндіктерін бағалай алмауынан болады. Сонымен қатар судағы жүріс-тұрыс ережелерін елемеудің, атап айтқанда, тыйым салынған және бейтаныс жерлерде шомылудың, масаң күйде болудың салдарынан келеңсіз жағдайлар орын алуда. Қаза тапқандардың басым көпшілігі 19 жастан 45 жасқа дейінгі еңбекке жарамды азаматтар.

Шомылуға рұқсат етілген 13 учаскеде 7 коммуналдық және 5 жеке жағажай бар. 7 жағажайда су айдынының түбін тексеру және тазалау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 5 құтқарушы-жасақ оқытылды. Жаппай демалуға арналған 13 орын бар. Нақтылап айтсақ, Тараз қаласында 2, Жамбыл ауданында 1, Жуалыда 2, Қордайда 2, Сарысуда 1, Таласта 2, Шу өңірінде  
3 демалуға ыңғайлы орын бар. 

– Департамент тарапынан күн сайын сағат 13:00-ден 19:00-ге дейінгі уақыт аралығында шомылуға жабдықталмаған акваторияларда рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Өңірдегі өзен-көлдер мен тоғандарда, каналдарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері үкіметтік және аумақтық деңгейдегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия мен облыстың төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиясының отырысы барысында қаралды.

Оның қорытындысымен су айдындарында адам өлімінің алдын алуға бағытталған шаралар кешені әзірленді. Суға түсуге әрекет ету салдарынан адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында кең ауқымды алдын алу шаралары ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, «Судағы қауіпсіздік» тақырыбы бойынша 38 баннер және 40 000 жадынама сатып алынды. 496 ескерту және тыйым салу белгісі, 28 көрнекі стенд орнатылды. 1 маусымнан бастап жергілікті атқарушы органдар, жергілікті полиция қызметі және волонтерлік ұйымдармен бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізілді, – деді Думан Бейбітұлы.


Сондай-ақ шомылу маусымы басталғаннан бері адамдардың суда жаппай демалу орындарында бірлескен рейдтер өткізу кезінде 603 бұзушылық анықталыпты. Және ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 364-бабы (Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша 216 азамат, 440-бап (Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас болып жүру) негізінде 360 адам жауапкершілікке тартылыпты.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар