БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Құтқарушы қиындыққа толы қызметі туралы айтып берді

Құтқарушы қиындыққа толы қызметі туралы айтып берді
ашық дереккөз
Адам өмірін құтқару – жауапты әрі сауапты іс. Қоғамда орын алатын табиғи апат, жолдың жабылуы, қар құрсауында қалу сынды жағдайлар кезінде төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жұмыла еңбектенуінің арқасында қауіп-қатер дер кезінде сейіліп жатады. Сондықтан да әлемге құтқарушы деген мамандық өте қажет. Жыл басынан бері облыс аумағында жедел кезекшілік бойынша 27 төтенше жағдай тіркелді. Оның ішінде табиғи сипаттағы 2, техногенді сипаттағы 22 өрт оқиғасы, автокөлікте орын алған 4 оқиға есепке алынды. Жалпы өрттің көлемі 1002 шаршы метрді құрады. Салдарынан 1 адам қаза тауып, 1 адам ауруханаға жатқызылды. Ал апта ішінде «Қазгидромет» облыстық филиалынан 4 дауылды ескерту келіп түскен.

БАТЫРҒА  БАТЫЛДЫҚ ЖАРАСАДЫ

Тосыннан болған оқыс оқиға кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Үлкен жүрек пен машық, білім мен білікті ұштастыра білген олар жауапкершілік жүгін арқалап жүр. Жамбыл облысы, Тараз қалалық төтенше жағдайлар қызметінің азаматтық қорғау полковнигі Арман Сартаев та  бүгінгінің нағыз батыры. Ол 1974 жылы 12 мамырда Алматы облысының І.Жансүгіров ауданында дүниеге келген. Өртке қарсы қызмет органдарында 1992 жылдан бері еңбек етіп келеді. 1992-1999 жылдары Алматы жоғары өрт техникалық училищесінде оқып, «Өрт қауіпсіздігінің инженері» мамандығын алып шығады. Бүгінде кезекші өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі. Өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүрген азамат  I, II, III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медальдарымен марапатталған. 

2022 жылдың мамыр айында таңғы сағат 8:00 шамасында өрт сөндіру орталық пунктіне Тараз қаласындағы «Ауыл-Береке» базарының өртеніп жатқаны  жөнінде хабар түседі. Хабар алысымен кезекші өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі Арман Сартаев азаматтық қорғау старшинасы Ш.Базарбаевпен бірге жолға шығады. Бұлардан бұрын жеткен қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Д.Шәріпбаев барлау жасап, №2 шақыртуды жариялайды. Бұл кезде тауарлары бар 20-ға жуық контейнер отқа оранып жатқан болатын. Контейнердің ішінде маталар, киімдер, ойыншықтар бар еді. Арман Молдатайұлы №3 шақырту жариялайды. Себебі өрттің көлемі үлкен еді. Контейнерлерді шетінен бастап өшіріп, оқпанмен су шаша бастайды. 

– Өрттің ұлғайғаны сонша, аумағы 700 шаршы метрді құрады. Жүргізілген электр қуатының бойымен әр жерден контейнерлер тұтанып, от шығып жатты. Өртсөндірушілер тоқты қай жерінен ажыратарын білмей әуре-сарсаңға түсті. Осы орайда электрші мамандар келіп, біздің кедергісіз жұмыс істеуімізге жағдай жасады. Өрт сөндіргіш автоцистерналарды ішке кіргізіп, контейнерлердегі жалынның бәрін өшірдік.  Бас-аяғы 3 сағаттың ішінде өртті толық сөндіріп, контейнердің ішіндегі тауарларды қауіпсіз жерге көшірістік. Өрттің себебі электр тогының қысқа тұйықталуынан болған екен.Тағы бір оқиға есімде. 2023 жылдың күз айында таңғы сағат 4:00-де Тараз қаласындағы 5-ықшамауданда орналасқан №24 жатақхананың өртеніп жатқаны туралы хабар түсті. Бірден жолға шықтық. Барсақ, 4-қабаттан қою түтін шығып жатыр. Екі адам балконнан секіргелі тұр екен. Қара түтіннен ештеңе анық көрінбейді. Тұрғындардың көбі қалың ұйқыда. Оянып кеткендердің жан дауыстары естіледі. Бірінші кезекте адам өмірін аман сақтауымыз керек. Сондықтан балконда тұрған екі адамды және екі кішкентай баланы құтқардық. Кіреберісті қара түтін басқаны соншалық, ештеңе көрінбейді. Сонда да түтінге тұншықпасын деп тұрғындардың есіктерін қағып оятып,  қауіпсіз жерге шығардық. Әр кез адамдарды қауіпсіз жерге көшіру, олардың өмірін сақтап қалу – біз үшін бұлжымас қағида, – дейді Арман Молдатайұлы.

ЕКІ ҚЫЗДЫ СУДАН АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ

Өткен аптада Жамбыл облыстық ТЖД-нің жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Айдос Әбілда 2012 және 2014 жылы туған екі қыз баланы құтқарды. Балалар демалыста әкесімен бірге жүрген. Алайда бес баласын өзен жағасына шомылуға алып шыққан әке екі ересек қызына ие бола алмай қалған. Қараусыз қалған жасөспірімдер суға аққан.  Осы кезде демалушылар арасында  рейдтік жұмыс атқарып  жүрген Айдос Әбілда көмекке келеді. Айдостың бұл бірінші рет жасаған ерлігі емес. Айдос Сейдахметұлы 1992 жылғы 25 тамызда  Сарысу ауданында туған. Ол азаматтық қорғау жүйесінде 2013 жылдан бері қызмет етеді. Жедел-құтқару жасағында Айдос Әбілда өзін дайындығы жоғары маман ретінде көрсетті. Осындай еңбегі ескерілген ол ІІІ дәрежелі «Құтқарушы» төсбелгісімен де марапатталған. Кейіпкеріміз жедел кезекшілік кезінде авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысып, өзінің шығармашылық ынтасын көрсетіп, лауазымдық міндеттерін адал атқарады.Өзінің кәсіби және білім деңгейін үнемі арттырып отыратын ол ұжымда, әріптестер арасында сыйлы. Мінезі салмақты болғанымен көпшілікпен  тез тіл табыса алады. Жақында көрсеткен ерлігі үшін Айдостың кандидатурасы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне марапатқа ұсынылыпты.Айдос «Instagram» әлеуметтік желісінде де белсенді екен. Құтқарушының бір күні жайлы қысқа видеолар түсіріп салып отырады. 

– 2017 жылғы 6 шілдеде «Зербұлақ» жағажайында бір оқиға болды. Сол күні 40 градус ыстық еді. Жағалауда үлкені де, кішісі де әдеттегіден көп екен. Кезекшілікте тұрған мен бір кішкентай қыздың суға бата бастағанын көрдім. Санаулы секундта жүзіп барып, қызды құтқарып қалдым. Мен өзім Тараздағы «Болашақ» медициналық колледжінің «Емдеу ісі» мамандығы бойынша оқығанмын. Дереу қызға алғашқы көмек көрсетіп үлгердім. 8 жасар Валентина Ли есімді бүлдіршін осылайша аман қалды. Бұдан бөлек алапат өрт кезінде балаларды өрттен құтқарып қалғаным үшін 2016 жылы ҚР Ішкі істер министрінің грамотасымен марапатталдым, – дейді ол.  Айдостың алар белестері әлі алда. Тек тіл-көзден аман болсын. Отбасында жары, екі қызы бар. Қызыл жалыннан, иірімді ағын судан, тәуекелден қорықпайтын батыр жігітке сәттілік тіледік.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар