Мемлекет басшысы Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуінде осы маңызды Шартқа қосылғаны үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтты.
– Келесі кезең аталған құжат ережелерін нақты іске асыру болуға тиіс деп санаймын. Осыған байланысты достық пен тату көршілікті одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты бекемдеуге бағытталған ұзақмерзімді өзара ықпалдастығымыздың анық бағдарлары көрсетілген іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және қабылдауды ұсынамын. Өзара сенімнің нығаюы мен өңірлік ынтымақтастықтың қарқынды дамуының арқасында Орталық Азия жаңа тарихындағы аса табысты кезеңді бастан өткеріп жатыр деп нық сеніммен айтуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Әзербайжанның Консультативті кездесулердің толық мүшесі болуы бұл форматты нығайтудағы оң эволюцияның жаңа деңгейін көрсететінін мәлімдеді.
– Бірлескен күш-жігеріміз арқылы саяси диалогты одан әрі тереңдетуге, инвестиция, энергетика, өнеркәсіп салаларындағы қарым-қатынасты жандандыруға, бірыңғай көлік-логистика жүйесін қалыптастыруға қолайлы жағдай жасалуда. Соңғы жылдары өңірішілік сауда ұдайы өсіп, іскерлік байланыс кеңейе түсті. Бірлескен кәсіпорындар құрылып, ортақ инвестициялық жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар гуманитарлық қарым-қатынас жандана түсті. Мәдениет, білім салаларындағы, жастар арасындағы ықпалдастықтың мазмұны байып келеді. Осы оң нәтижелердің барлығы бауырлас халықтарымызды одан әрі жақындатуға және аймақтың беделін нығайтуға ықпал етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық үдерістерде Орталық Азияның рөлі сенімді түрде артып, әлемдік аренадағы аймақтың үні айқын әрі салмақтырақ шыға бастағанын айтты.
– Бұған Қырғызстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануы (2027–2028 жылдарға) жарқын мысал бола алады. Орайлы сәтті пайдалана отырып Қырғыз Президенті құрметті Садыр Нұрғожаұлы Жапаровты және барша қырғыз халқын осы тарихи жетістікпен құттықтаймын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ықпалдастықтың барлық негізгі мәселесі былтыр Ташкентте өткен кездесуде егжей-тегжейлі талқыланғанын атап өтті.
– Сол кезде айтылған бастамалар, соның ішінде Консультативтік кездесулерді институционалдық тұрғыдан дамыту мәселесі әлі де өзекті және оны іске асыру мақсатында бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Қазақстан қол жеткізген келісімдерге ынталы, елдеріміз арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған жасампаз бастамаларды одан әрі ілгерілетуді көздейді. Бірлескен күш-жігер арқылы ортақ прогресс жолында бұдан да биік белестерді бағындыратынымызға сенімдімін. Сөз соңында түрікмен дос-бауырларымызға Консультативтік кездесулер форматындағы алдағы іс-шараларды өткізуде табыс тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.