Контентке өту

Тараздағы №45 гимназия 40 жылдық мерейтойын атап өтті

Тараздағы №45 гимназия 40 жылдық мерейтойын атап өтті
ашық дерек

Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы 40 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерекелік салтанат 2026 жылғы 29 қазанда Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

«Тағылымды тарих, жарқын болашақ!» тақырыбымен өткен кеште білім ордасының төрт онжылдықтағы қалыптасу жолы мен жетістіктері кеңінен дәріптелді.

1986 жылы алғашқы қоңырауы соғылған гимназия бүгінде өзіндік дәстүрі қалыптасқан, білімді шәкірттері мен білікті ұстаздары бар іргелі оқу орындарының біріне айналды. Қырық жылдық тарихы деректі фильмдер, театрландырылған көріністер, әсем әндер мен мың бұралған билер арқылы көрерменге ұсынылды. Сондай-ақ тарихи бейнематериалдар арқылы білім ордасының әр кезеңдегі тыныс-тіршілігі мен жетістіктері еске алынды.

Салтанатты шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұ.С. Сламбекова, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі С.С. Құрманбекова, Тараз қалалық білім бөлімінің басшысының орынбасары А.С. Бердібаев, кәсіподақ ұйымының төрағасы И.А. Костина, гимназияның бұрынғы директорлары А.Б. Ниязбекова мен Ф.С. Шортанбекова қатысты.

Сонымен қатар мерейтойға білім саласының өкілдері, ардагер ұстаздар, әр жылдардағы түлектер мен қадірлі қонақтар жиналды.

Кездесу барысында ұстаздар еңбегі ұлықталып, білім ордасының тарихына үлес қосқан жандарға құрмет көрсетілді. Талай шәкіртке сапалы білім мен саналы тәрбие берген гимназияның мерейтойы ұрпақтар сабақтастығын айшықтаған ерекше кешке айналды.

Қырық жылдық белес – өткенге тағзым етіп, болашаққа жаңа мақсаттармен қадам басатын маңызды кезең. №45 гимназияның білім мен тәрбие жолындағы дәстүрі жалғасын тауып, шәкірттері биік белестерді бағындыра берсін!

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты