Қазақ халқы үшін Құрылтай – жай ғана жиын емес. Ол – ел тағдырын талқылап, ұлттың келешегіне қатысты маңызды шешімдер қабылданатын қасиетті кеңес. Тарихқа көз жүгіртсек, ата-бабаларымыз қандай күрделі кезең болмасын ақылдасып, кеңесе отырып ортақ шешімге келген. Бүгінгі Құрылтай да сол игі дәстүрдің заңды жалғасы.
Мен көпті көрген аға буынның өкілі, үлкен әулеттің ақсақалы ретінде еліміздің ертеңіне немқұрайлы қарай алмаймын. Біздің ұрпақ талай кезеңді бастан өткерді. Сондықтан бүгінгі тыныштық пен тұрақтылықтың, ел бірлігінің қадірін жақсы білеміз. Ендігі ең үлкен тілегіміз – балаларымыз бен немерелеріміздің бейбіт, бақуатты, әділетті мемлекетте өмір сүруі.
Құрылтайда көтеріліп жатқан мәселелердің барлығы халықтың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты. Әлеуметтік жағдайды жақсарту, жастарға сапалы білім мен жұмыс мүмкіндігін жасау, ауылдарды дамыту, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайту – мұның бәрі әрбір қазақстандықтың өміріне әсер ететін маңызды бағыттар. Сондықтан мұндай алаңда айтылған әрбір ұсыныстың, қабылданған әрбір шешімнің салмағы зор.
Бүгінде қоғамда «мен сайлауға бармасам да, бәрібір бәрін шешіп қойған» деген жаңсақ пікір әлі де кездеседі. Мен бұл көзқараспен мүлде келіспеймін. Әр азаматтың дауысы – мемлекеттің болашағына қосылған үлес. Егер халық өз таңдауын жасамаса, елдің тағдырына селқос қараса, онда өзгерісті өзгеден күтудің өзі дұрыс емес. Нағыз өзгеріс әр адамның өз жауапкершілігін сезінуінен басталады.
Тарих көрсеткендей, ел тағдырын шешетін маңызды кезеңдерде халықтың бірлігі мен ортақ мақсатқа ұмтылысы ерекше рөл атқарады. Құрылтай – сол бірліктің көрінісі, халықтың үні естілетін маңызды алаң. Ал Құрылтай депутаттарын сайлау – осы жауапты істің жалғасы. Сондықтан сайлауға қатысу – тек заңмен берілген құқық емес, ол – ел алдындағы азаматтық парыз.
Біз әрдайым жастарға «елдің ертеңі сендердің қолдарыңда» деп айтып келеміз. Бірақ олардың болашағына алаңдай отырып, өзіміз де белсенділік танытуымыз керек. Өйткені балаларымыз бізге қарап бой түзейтіні айтпасада белгілі. Егер үлкендер ел болашағына жауапкершілікпен қараса, кейінгі ұрпақ та осы құндылықтарды бойына сіңіреді.
Менің ойымша, елімізге тың серпін, нақты өзгерістер қажет. Ол өзгерістер қоғамның пікірін тыңдай отырып, халықтың сұранысына сүйене отырып жүзеге асуы тиіс. Құрылтайдың басты мақсаты да – ел ішіндегі өзекті мәселелерді көтеріп, жұрттың үнін билікке жеткізу, ортақ шешім қабылдау.
Бүгінгі бейбіт өмір мен тәуелсіздікті сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Сондықтан елдің ертеңіне үлкен сеніммен қарап, қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласайық. Бірлік бар жерде – береке бар. Халықтың үні естілетін, әділет салтанат құрған мемлекет құру әрқайсымыздың азаматтық ұстанымымызға байланысты.
Еліміздің болашағы – өз қолымызда. Сондықтан әрбір азамат құрылтай депутаттарын сайлауға жауапкершілікпен қарап, өз таңдауын жасауы қажет.
Бұл – бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақтың алдындағы аманат.
Серікбай Өтегенов, Т.Рысқұлов аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Көкдөнен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы