Мәдениет саласын цифрландырудың тиімділігі
Қай кезеңде, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениет саласының дамуы – елдің өрлеуі, ұлттың өркендеуі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі кеңесте: «Мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық технологияны қолдану – бүкіл бағдарламаның табысты болуының басты кілті. Бұл істе түбегейлі өзгерістер қажет. Барлық құжат айналымын толықтай электронды форматқа көшіру керек. Қазіргі кезде талап ететіндей, құжаттарды қағаз жүзінде де, электронды түрде де дайындап, тапсыру дұрыс емес. Құжаттардың қағаз нұсқаларына біртіндеп тыйым салынуы керек», – деп атап өткен болатын.
Президент тапсырмалары шеңберінде Жамбыл облысындағы мәдениет, архив саласындағы цифрландыру көрсеткіштері жылдан-жылға жақсарып келеді. Мәселен, Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» және «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобалары аясында өңірлік толықмәтінді электронды дерекқор мен кітапхана қорында жинақталған мерзімді басылымдар қорының электронды нұсқаларын жасау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.«Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» жобасы аясында дерекқорға 1 889 электронды толықмәтінді дерек енгізілді. Ал «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобасы аясында жергілікті мерзімді басылымдардың 20 119 данасы цифрландырылып, өңірлік мерзімді басылымдар электронды дерекқорына енгізілді.
Ағартушы, қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлихановтың мұрасын жинақтау, зерттеу, қордағы бар әдебиеттерді кітапхана оқырмандары арасында насихаттау мақсатында «Шоқан асулары» жобасы аясында 43 кітап цифрландырылды. Бүгінге дейін 63 жергілікті ақын-жазушымен авторлық келісімшарт жасалды. Осылайша ақын-жазушылардың 154 кітабы цифрландырылып, кітапхана сайтына орналасты.
Ал облыстағы мемлекеттік архивтермен 2013 жылдан бері 207 258 сақтау бірлігі, 20 226 198 парақ, яғни құжаттардың 21,2 пайызы цифрлық форматқа көшірілді. 2024 жылдың бірінші тоқсанында цифрлы форматқа 3 753 сақтау бірлігі, 415 414 парақ енгізілді.
Жыл басынан бері атқарылған ауқымды іс-шаралар қатарында 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап күніне орай өткен «Art & Science: білімге деген құштарлық» Jambyl book fest кітап фестивалін атап өткен жөн. Фестиваль барысында 4 ақын-жазушының кітабының тұсауы кесілді. Нақтысын айтсақ, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы Сәмен Құлбарақтың «Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати», ақын Мақсым Бохаевтың «Арал – әлем тағдыры», ақын Қуаныш Ауғанбаевтың «Құс көзіндегі сағыныш» және Нұржан Әліштің «Ақ қыз» кітаптарының лентасы қиылды. Мерекелік фестивальда кітап баспалары мен сауда үйлері өкілдерінің қатысуымен кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, әулиеаталық кітапсүйер оқырманға түрлі жанрдағы кітаптарды жеңілдікпен сатып алудың сәті түсті. Сонымен қатар «Оқуға құштар оқырман» кітап оқу марафонының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Яғни 2023 жылы ең көп кітап оқыған 12 оқырманға «Үздік оқырман» статуэткасы табысталды. Кітап фестиваліне Татарстандағы және Ресейдегі кітапхана саласында қызмет етіп жүрген мамандар арнайы қонақ ретінде шақырылып, олардың қатысуымен кітапханашыларға арналған семинар-тренингтер ұйымдастырылды.Ақын-сазгер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Үміт Битенованың 60 жас мерейтойына орай «Жырла, жүрек» поэтикалық кеші «Баласағұн» орталық концерт залында жоғары деңгейде өтті.
Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен облыстың 85 жылдығы аясында сатирик, жазушы Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай халық театрларының «Жүз шымшыма...» атты республикалық әзіл-сықақ байқау-фестивалінде әр облыстан келген 14 халық театры өнер көрсетіп, өзара сайысқа түсті. Өнерпаздар Шона Смаханұлының шығармаларынан көріністер қойды. Халық театрларының республикалық әзіл-сықақ байқау-фестивалінде Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазылар алқасының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған сала мамандары өз бағасын берді. Фестиваль нәтижесінде әулиеаталық «Талас» халық театры бас жүлдеге лайық деп танылды.
Орталық қызметкерлерінің дайындауымен 2022-2023 жылдары жазушы, ұлт руханиятының абызы болған Шерхан Мұртазаның 1949-2012 жылдар аралығындағы күнделік жазбалары жүйеленіп, баспадан жарық көрді. Бүгінде 4 томдық кітап облыстық кітапхананың үйлестіруімен қалың оқырманға жол тартты.
Сан өнердің басын бір арнаға тоғыстырған театр, филармония және музейлердің тынысы да жыл санап ашылып келеді. Мәселен, 2024 жылы К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония 80-нен аса концерт ұйымдастырып, 30-дан астам гастрольдік концерттер берді. Атап айтсақ, «Қоғамдық келісім» мекемесінде Алғыс айту күніне арналған «Алғысым – Отанға» атты мерекелік концерт берілді. «Баласағұн» орталық концерт залында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиында «Рақмет Ана!» атты мерекелік концерт көрермен назарына ұсынылды.
Алдағы айларда облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Атап өтер болсақ, облыстың 85 жылдығына арналған «Көне Тараз күмбірі» ІІІ республикалық фольклорлық ансамбльдер конкурсы, танымал музыканттар мен белгілі әншілердің қатысуымен «Күзгі әуен» классикалық өнер кеші, халық ақыны, жырау, дүлдүл әнші, көрнекті композитор Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына арналған «Кененнің ізбасарлары» атты І республикалық өнер фестивалі ұйымдастырылады.
«Өнер мен мәдениеттің дәмін көріп, рақатын сезіне алған адамға бұдан артық байлық керек емес» демекші, мәдениетсіз қоғам болмайды. Бұл бағытта атқарылып жатқан әрбір игі іс адам баласының жандүниесін байытып, сезіміне шуақ сыйлап қана қоймай, санасын серпілтіп, ізгілікке бастайды. Себебі қаламға серт еткен ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатқан кітапханашының, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нəрін сыйлайтын театр əртісінің, өңірлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегі ерен, қоғамдағы рөлі зор.
Мемлекетіміз де осы салаға көңіл бөліп, ауыл-аймақтардың мәдени өмірінің жандануына күш салып келеді. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – саланың тынысын кеңейтіп, сенім үдесінен шығу. Өйткені мәдениеті биік елдің мәртебесі жоғары.