Қазақстандық танымал продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі парақшасында көпшілікті таңғалдырған ерекше жаңалығымен бөлісті. Ол қазақ кино өнерінің алтын қорына енген Қыз Жібек фильмінде Меруерт Өтекешова киген түпнұсқа қамзолға ие болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Продюсердің айтуынша, бұл жәдігер оның гардеробындағы ең қымбат әрі құнды дүниелердің бірі. Себебі аталған қамзол — 50 жылдан астам тарихы бар, ұлттық кино классикасының бір бөлшегі ғана емес, сонымен қатар атақты суретші Гүлфайрус Исмаилова жасаған бірегей туынды.
Баян Алагөзова тарихи киімнің өзіне шақ келгеніне ерекше қуанышты екенін де жасырмады. Оның сөзінше, мұндай мұра — тек сән элементі емес, тұтас дәуірдің рухын жеткізетін құндылық.
Сонымен қатар, продюсер алдағы Қазақ аруы сұлулық байқауының биылғы маусымы толықтай Қыз Жібек фильмі мен Меруерт Өтекешова шығармашылығына арналатынын хабарлады. Бұл бастама ұлттық мәдениет пен классикалық өнерге деген қызығушылықты арттыруды көздейді.
Айта кетейік, «Қыз Жібек» фильмі — қазақ киносының алтын қорына енген туынды. Ал ондағы костюмдер мен образдар бүгінгі күнге дейін ұлттық сән мен эстетиканың символы ретінде бағаланып келеді.