Контентке өту

Меркі ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жаңа кәсіптер ашылуда

Меркі ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жаңа кәсіптер ашылуда
ашық дерек

Меркі ауданында тұрғындардың кәсіп бастауына мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жоба аясында жеңілдетілген несие алған азаматтар кәсібін жолға қойып, түрлі бағытта жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Бүгінде аудан бойынша бағдарлама аясында жалпы құны 388,8 млн теңгені құрайтын 36 жоба ұсынылған. Оның ішінде 20 жоба қаржыландырылып, кәсіп иелері жобаларын іске асыруға кірісті.

Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев бағдарламаның игілігін көріп отырған бірқатар кәсіпкерлердің жұмысымен танысты.

Солардың бірі – Жамбыл ауылының тұрғыны Абылай Нұрманбетов. Ол «Ауыл аманаты» арқылы 7 млн 35 мың теңге жеңілдетілген несие алып, жиһаз өндірісіне қажетті құрылғыларды сатып алған. Қазір кәсіпкер цех жұмысын жолға қойып, тұрғындардан тапсырыс қабылдап, дайын өнімдерін ауданның ішкі нарығына ұсынып отыр.

Жамбыл ауылының тағы бір тұрғыны Нұрдәулет Орақбаев фибробетон өнімдерін өндіруді қолға алған. Ол несие қаражатына қажетті құрал-жабдық сатып алып, ауданда сирек кездесетін кәсіп түрін бастаған. Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі таңда өнімге сұраныс бар. «Ауыл аманаты» бағдарламасы оған көптен ойында жүрген кәсібін бастауға мүмкіндік берген.

Ал Ғалібек Төкеев заманауи бағытты таңдап, 3D-принтер сатып алған. Қазіргі уақытта түрлі бұйымдарға тапсырыс қабылдап, 3D-принтер арқылы өнімдер шығаруда. Кәсіпкер бұл қызмет түріне деген қызығушылық пен сұраныстың артып келе жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Сарымолдаев ауылының тұрғыны Ерлан Намазбаевтың кәсібімен танысты. Кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында агродрон сатып алып, ауыл шаруашылығы алқаптарын дәрілеу және тыңайтқыш себу қызметін іске қосқан. Бүгінде ол жергілікті шаруалармен жұмыс істеп, егістік алқаптарына заманауи технологияларды қолдана отырып қызмет көрсетуде.

Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдап қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, қызмет түрлерін көбейтуге және ауылдық жерлердің экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты