Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жапонияда өткен ХХ Жазғы Азия ойындары мен V Азия параойындарында ел намысын қорғаған жамбылдық спортшылармен кездесті.
ХХ Жазғы Азия ойындарында Жамбыл облысынан спорттың 12 түрі бойынша 35 спортшы сынға түсіп, 6 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.
Атап айтқанда, дзюдошы Елдос Сметов, ушу-саньда шебері Абдурашид Абдуллаев, сондай-ақ су добынан ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен Сұлтан Шонжігітов, Эдуард Цой, Адай Ақжан мен Нұрасыл Сәтберген күміс жүлдеге ие болды. Кураштан Арайлым Шегенова жарысты қола медальмен қорытындылады.
Ал V Азия параойындарында облыс атынан спорттың 3 түрі бойынша 9 параспортшы қатысып, 2 күміс және 2 қола медаль еншіледі. Пара жүзуден Паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллина екі күміс медаль жеңіп алды. Пара пауэрлифтингтен Айжан Берімқұлова мен ерлер құрамасының сапында командалық есепте өнер көрсеткен Ерболат Кәрібай қола жүлдегер атанды.
Кездесуде өңір басшысы халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды құттықтап, олардың жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ бапкерлер мен спортшылардың жақындарына алғыс білдірді.
– Сіздер тек Жамбыл облысының ғана емес, бүкіл еліміздің абыройын асқақтаттыңыздар. Әр жеңістеріңіз – жас ұрпаққа үлгі. Әсіресе параспортшыларымыздың жетістігі қайсарлық пен ерік-жігердің шынайы көрінісі. Облысымыз бен еліміздің мерейін үстем еткен барша спортшыға, олардың бапкерлеріне және спорт саласының мамандарына шынайы алғысымды білдіремін!
Сіздер жарысқа шыққанда бүкіл облыс жанкүйер болып, жеңістеріңізге тілеулес болды. Тұғырға көтеріліп, көк туымыз желбіреген сәтте Жамбыл жеріндегі әр шаңырақ қуанышқа бөленді. Алда – 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасы мен Паралимпиадасы. Сіздердің сол дүбірлі додада ең биік тұғырдан көрінетіндеріңізге сенім білдіремін, – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі спортшылардың жетістігіне үлес қосып, олардың кәсіби дамуына қолдау көрсетіп жүрген азаматтарға да ризашылығын жеткізді.
Жиында Қазақстан Республикасының спорт шеберлері Елдос Сметов пен Зульфия Габидуллина, олардың бапкерлері Ғалымжан Жылгелдиев пен Саттар Бейсембаев, сондай-ақ «Qazaq Aquatics» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының басшысы Нұрсұлтан Темірхан сөз сөйледі. Олар мемлекет пен жанкүйерлер тарапынан көрсетілген қолдау мен құрмет үшін алғыстарын білдірді.
Шара соңында ХХ Жазғы Азия ойындары мен V Азия параойындарының жүлдегерлеріне қаржылай сертификаттар табысталды. Кездесу естелік суретке түсумен аяқталды.