Контентке өту

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА 651 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА 651 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Өңірде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару және оларды экономикалық айналымға енгізу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Мемлекет басшысының пайдаланылмай жатқан және Қазақстан Республикасы заңнамасын бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

2022–2026 жылдар аралығында облыс бойынша жалпы көлемі 651 мың гектар пайдаланылмайтын және заң талаптарын бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Атап айтқанда, 2022–2023 жылдары жоспарланған 400 мың гектардың орнына 403,8 мың гектар жер қайтарылды. 2024 жылы 80 мың гектар жоспардан 102,5 мың гектар, ал 2025 жылы белгіленген 90 мың гектардың орнына 91,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті.

2026 жылға арналған жоспар 40 мың гектарды құрағанымен, есепті кезеңде 53,1 мың гектар жер қайтарылып, жоспар 132,8 пайызға орындалды.

Жайылымдық жерлердің қолжетімділігін арттыруға басымдық берілуде

Ауылдық елді мекендердегі ортақ пайдаланылатын жайылымдық жерлердің көлемін ұлғайту мақсатында да бірқатар шара қабылдануда.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 108 және 150-баптарына сәйкес, бос жатқан 403,5 мың гектар жайылымдық жер анықталды. Оның ішінде 312 мың гектары аудандық мәслихаттардың шешімімен бекітілді. Қалған 82,5 мың гектар жайылым алқабында жерге орналастыру жұмыстары жүргізілуде.

Бұл шаралар ауыл тұрғындарының мал жаюға қажетті жерлерге қолжетімділігін арттыруға және жайылым тапшылығы мәселесін кезең-кезеңімен шешуге бағытталған.

Жер ресурстары ауыл шаруашылығы айналымына тартылуда

Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы өндірісіне қайта тарту жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ.

Бүгінгі күнге дейін конкурс арқылы жалпы көлемі 168,4 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді. Оның ішінде 133,5 мың гектары – жайылым, 26,4 мың гектары – егістік, 8,5 мың гектары – өзге санаттағы жерлер.

Ағымдағы жылдың 10 айында өткізілген 10 конкурс нәтижесінде қосымша 25,4 мың гектар ауыл шаруашылығы жері айналымға тартылды.

Сонымен қатар жер учаскелерін тиімді басқару және мемлекеттік жер қорын толықтыру мақсатында облыс бойынша 50 электронды аукцион өткізілді. Нәтижесінде жалпы көлемі 45 гектар жер учаскелері 344,8 млн теңгеге сатылды. Олардың кадастрлық құны 102,5 млн теңгені құрады.

Жер заңнамасының сақталуына бақылау күшейтілді

Ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатты пайдалану мәселесі де тұрақты бақылауда. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Жамбыл облысы бойынша Жер ресурстарын басқару департаментіне заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін бірқатар жер учаскелері бойынша материалдар жолданған.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді нысаналы мақсатына сай пайдаланбаған 303 жер учаскесі (жалпы көлемі 93 828 гектар) және кәсіпкерлік мақсаттағы 68 жер учаскесі (жалпы көлемі 692 гектар) бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін материалдар ұсынылды.

Жалпы, Жамбыл облысында жер ресурстарын тиімді басқару, пайдаланылмай жатқан алқаптарды мемлекет меншігіне қайтару, жайылым тапшылығын азайту және ауыл шаруашылығы жерлерін экономикалық айналымға енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Негізгі мақсат – жерді заң талаптарына сай пайдаланып, оның ауыл шаруашылығы мен өңір экономикасының дамуына қызмет етуін қамтамасыз ету.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты