Контентке өту

Жамбыл облысы инвестиция тарту қарқыны бойынша республикада көш бастап тұр

Жамбыл облысы инвестиция тарту қарқыны бойынша республикада көш бастап тұр

Мемлекет басшысы биылғы халыққа арнаған Жолдауында инвестиция тарту жүйесін жетілдіру, жеке капиталды ынталандыру және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұл бағыттағы жұмыстар Жамбыл облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде өңірдің инвестициялық әлеуеті артып, негізгі көрсеткіштер бойынша республикадағы жетекші аймақтардың қатарына қосылды.

«Zhambyl Invest» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқарма төрағасының міндетін атқарушы Айдын Асқарәліұлының айтуынша, облыс шетелдік инвестиция тарту және негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізген.

– Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Жамбыл облысы шетелдік инвестиция тарту қарқыны бойынша республикада бірінші орынға ие болды. Тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 456,4 миллион АҚШ долларын құрады. Өткен жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 289,7 миллион АҚШ доллары болған еді. Сонымен қатар тоғыз айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 721,9 миллиард теңгеге жетті. Оның 56,1 миллиард теңгесі бюджет қаражатына, ал 665,8 миллиард теңгесі жеке инвестицияларға тиесілі. Осылайша облыс негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны бойынша республикада екінші орынға тұрақтады, – дейді Айдын Асқарәліұлы.

Инвестициялық саясатты тиімді жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдардың, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының және «Zhambyl Invest» серіктестігінің өзара үйлесімді жұмысы маңызды рөл атқарады. Бірлескен қызметтің негізгі мақсаты – инвестициялық жобаларды сапалы сүйемелдеу, инвесторларға қолайлы жағдай жасау және мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру.

Серіктестік қызметі үш негізгі бағытты қамтиды. Олар – инвестиция тарту, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, сондай-ақ талдау және стратегиялық даму.

Жыл басынан бері отандық және шетелдік инвесторлармен, мемлекеттік органдардың және мүдделі ұйымдардың өкілдерімен 310 кездесу мен келіссөз жүргізілген. Бұл ретте «Zhambyl Invest» бірыңғай диалог алаңы ретінде қызмет атқарып, әлеуетті инвесторлармен байланыс орнатуға, жаңа жобаларды іске асыру мәселелерін талқылауға және жұмыс істеп тұрған инвесторларға қолдау көрсетуге басымдық береді. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелерді шешуге жәрдемдесіп, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды үйлестіреді.

– Серіктестік қызметі аясында 17 екіжақты құжатқа қол қойылды. Бұдан бөлек, жалпы құны 5,6 триллион теңгені құрайтын және 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін 116 инвестициялық жобадан тұратын облыстық жобалар пулын іске асыруға тұрақты мониторинг жүргізілуде. Оның негізгі мақсаты – жобалардың орындалу барысын бақылау, туындаған проблемаларды уақтылы анықтау және инвесторларға оларды шешуде қолдау көрсету. Бұл бағытта мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және табиғи монополиялар субъектілерімен өзара іс-қимылды үйлестіруге ерекше көңіл бөлінеді. Биыл жалпы құны 338 миллиард теңгені құрайтын 26 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 21 жобаны іске қосу жоспарланып отыр, – дейді Айдын Асқарәліұлы.

Өңірдің инвестициялық имиджін қалыптастыру және нығайту мақсатында отандық және шетелдік серіктестердің қатысуымен 9 іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде 5 нысанда құрылыс жұмыстарын бастау рәсімі және 4 инвестициялық жобаны іске қосу рәсімі өткізілді.

Атап айтқанда, «ЕвроХим-Қаратау» серіктестігінің күкірт қышқылы зауыты, «Alit Holding» серіктестігінің құрғақ құрылыс қоспалары мен мәрмәр ұнын өндіру кәсіпорны, сондай-ақ «TRZ Agro» серіктестігінің көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға берілді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың телекөпір арқылы қатысуымен Шу ауданында «Shengtai Biotech» серіктестігінің жүгеріні терең өңдеу жөніндегі өнеркәсіптік кешенінің бірінші кезеңін іске қосу рәсімі өтті. Аталған жоба өңірдің ғана емес, тұтастай еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық бастамалардың бірі саналады.

Бұдан бөлек, бірқатар ірі инвестициялық жобалардың құрылысы басталды. Олардың қатарында Францияның «TotalEnergies» компаниясының жел электр стансасы, «Gakku Qus» серіктестігінің инкубациялық жұмыртқа өндіру кәсіпорны, «For You Energy» серіктестігінің қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы электр энергиясын өндіру зауыты және Біріккен Араб Әмірліктерінің «Masdar» компаниясының жел электр стансасы бар.

Жаңа инвесторларды тарту бағытында да жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Перспективалы инвестициялық салаларға тұрақты талдау жасалып, әлеуетті инвесторларға арналған инвестициялық тизерлер мен ұсыныстар әзірленеді.

Инвестиция тарту жұмыстарына жүйелі тәсіл қалыптастыру мақсатында «Zhambyl Invest» өңірдің инвестициялық жобаларын дамытудың басым бағыттары стратегиясын әзірлеген. Құжатта облыстың әрбір ауданының табиғи және экономикалық ресурстары, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындары, жүзеге асырылып жатқан ірі жобалары мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктері ескерілген. Негізгі мақсат – әр аумақтың ерекшелігіне сәйкес перспективалы салаларды айқындап, инвестициялық әлеуетін тиімді пайдалану.

– Әлеуетті шетелдік инвесторларға инвестициялық ұсыныстарды ай сайын тұрақты түрде жолдап отырамыз. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен шетелдегі дипломатиялық өкілдіктердің мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылады. Сонымен қатар өңірдің инвестициялық әлеуетін ілгерілету үшін әлеуметтік желілер мен цифрлық коммуникация арналары белсенді қолданылады, – дейді серіктестік өкілі.

Инвесторларға қолайлы жағдай жасау және жаңа өндірістерді орналастыру мақсатында облыста қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы мен «Тараз» индустриялық аймағы жұмыс істейді.

Аталған аумақтарда инвесторларға өндірістік жобаларды жүзеге асыру үшін дайын инфрақұрылым, жер учаскелері, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестициялық преференциялар ұсынылады.

Мәселен, «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында химия, металлургия, агроөнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі бағыттары бойынша жалпы құны 964 миллиард теңгені құрайтын 25 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық өндірісті дамытуға және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Жалпы, Жамбыл облысында инвестиция тарту жұмыстары тек қаржылық көрсеткіштерді арттырумен шектелмей, жаңа өндірістерді іске қосу, экономиканы әртараптандыру, тұрақты жұмыс орындарын құру және өңірдің ұзақ мерзімді экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты