Контентке өту

Жамбыл облысында аграрлық өндіріс көлемі артып, ауыл шаруашылығын қолдауға 47 млрд теңге бағытталды

Жамбыл облысында аграрлық өндіріс көлемі артып, ауыл шаруашылығын қолдауға 47 млрд теңге бағытталды

Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, шаруалардың өндірістік мүмкіндіктерін кеңейту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауға 47 млрд теңге бөлініп, егістік алқаптарын ұлғайту, мал басын көбейту және су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша бірқатар маңызды міндеттер жүзеге асырылуда.

Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев 2026 жылдың он айында атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімдеді.

Бөлінген қаражаттың 33,5 млрд теңгесі субсидиялауға, 6,5 млрд теңгесі Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін таратуға, 7 млрд теңгесі «Ауыл аманаты» бағдарламасына бағытталған.

Жыл басынан бері 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 32,2 млрд теңге субсидия төленді. Сонымен қатар қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 909 агроқұрылым 20,3 млрд теңге көлемінде несие алды.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде облыста ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 562,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,1 пайызға өсті.

Егістік көлемі ұлғайып, өнім жинау қарқыны артты

Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 654,9 мың гектарға орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,9 мың гектарға артық.

Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 377,3 мың гектарды, майлы дақылдар 43,4 мың гектарды, қант қызылшасы 9,9 мың гектарды, картоп 8,6 мың гектарды құрады. Сондай-ақ көкөніс, бақша және мал азығы дақылдарының алқаптары қамтылды.

Егін шаруашылығын әртараптандыру нәтижесінде өңірде негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының өндірісін арттыруға мүмкіндік қалыптасып отыр. Жыл қорытындысымен 3,6 млн тоннадан астам өнім жинау жоспарланған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3,2 млн тоннаны құраған.

Су үнемдеу технологияларын енгізу – басты басымдық

Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында облыста суару инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Биыл Ислам даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджет есебінен 91 суару каналын жөндеу көзделген.

Бұдан бөлек, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда мұндай технологиялар 76,8 мың гектар алқапты қамтыған. Оның ішінде 52,8 мың гектарда тамшылатып, 20 мың гектарда жаңбырлатып суару әдісі қолданылса, 3,9 мың гектар жер лазерлік жоспарлау технологиясымен тегістелген.

Бұл шаралар су шығынын азайтып, суармалы жерлердің өнімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Мал шаруашылығында да оң динамика қалыптасты

Облыстағы мал басының жалпы саны 4,1 млн басқа жетіп, 9,1 пайызға артты. Атап айтқанда, мүйізді ірі қара – 476 мың, қой – 3,4 млн, жылқы – 200,3 мың, құс саны 2,5 млн басты құрады.

Өндірілген өнім көлемінде де өсім бар. Есепті кезеңде 200,5 мың тонна сүт, 98,3 мың тонна ет және 98,1 млн дана жұмыртқа өндірілді.

Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Береке» және «Игілік» бағдарламалары аясында 13,2 млрд теңге қарастырылған. Бағдарламалар арқылы Австралия, Венгрия және Чехия елдерінен 11,2 мың бас асыл тұқымды мал жеткізу жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда жалпы құны 8,3 млрд теңгені құрайтын сегіз жоба қаржыландырылған. Оның нәтижесінде 3 мың бас ірі қара және 5,5 мың бас ұсақ мал сатып алу көзделген.

Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстар ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайтуға, шаруалардың әлеуетін арттыруға және өңірдің аграрлық секторындағы тұрақты өсімді қамтамасыз етуге бағытталған.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты