11 қараша күні Алматы облысының Қаскелең қаласындағы Әлімқұлов атындағы орта мектепте оқыс оқиға болды. Жартылай жалаңаш ер адам білім ордасының терезесін сындырып, ғимарат ішіне кірген, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Оқушылар түсірген видеода ер адамның мектепке қарай жүгіріп келіп, кейін бағытын өзгерткені байқалады. Алайда артынша ол терезені сындырып, ішке секіріп кірген. Кейінгі кадрларда ер адамның сынып бөлмесінде киімсіз жүргені көрінеді. Оны бірнеше азаматтың ұстап қалуға тырысқаны да видеоға түсіп қалған.
Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Оқиға салдарынан оқушылар мен мектеп қызметкерлері зардап шеккен жоқ.
Күдіктінің психикалық жағдайына қатысты тексеру жүргізіліп, психиатриялық сараптама тағайындалған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.